Су тасқыны: Ақтөбенің Нұра ауылында жаңа үйлердің иелері жеребе арқылы анықталды

0
250

Ақтөбе облысы бойынша Екпетал ауылы түгел аудан орталығына көшірілді.


Су тасқыны: Ақтөбенің Нұра ауылында жаңа үйлердің иелері жеребе арқылы анықталды

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы Нұра ауылында 63 үй салынып жатыр. Мұнда жеребе өткізіліп, жаңа үйлердің қайсысы кімге тиесілі екені анықталды, деп жазады inform.kz.

Ақтөбе облысы бойынша Екпетал ауылы түгел аудан орталығына көшірілді. Сөйтіп Ойыл ауданындағы бір ауыл жойылды. Ал Ырғыз ауданындағы Нұра ауылы түгел Сарыоба жеріне көшірілді. Қазіргі кезде мұнда 63 үй салынып жатыр. Әкімдік қай үйдің киімге тиесілі екенін анықтау үшін жеребе өткізді.

- Нұра ауылының тұрғындары алдын ала жеребе арқылы кімге қай үй тиесілі екенін анықтау жөнінде өз тараптарынан ұсыныс білдірген болатын. Аудандағы «Арай» мәдениет үйінде Нұра ауылының тұрғындарын жинап, жеребе рәсімі өтті. Нәтижесінде 63 тұрғынның үйлері нақтыланды. Енді тұрғындар салынып жатқан өз үйлерінің қорасын салуға кіріседі. Қазіргі таңда Нұра ауылында 11 мердігер жұмыс істеп жатыр. 63 үйдің іргетасы құйылып, қабырғалары қаланды. Қазір төбесі жабылып жатыр. Жалпы құрылыс жұмыстарына 143 адам тартылған. Сонымен бірге сыртқы электр желілері мен су желілерін жүргізуші мердігерлер де өз бағыттары бойынша жұмыстар жүргізуде, - деп хабарлады Ырғыз ауданының әкімдігі.

Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, аудан орталығында 51, Нұрада 63, Мамырда 6 үй салынып жатыр.

- Нұра ауылында 60 орындық мектеп-балабақша, медициналық пункт құрылысы жүріп жатыр. Байланыс операторлар да бар. Тұрғындардың қора салып, қысқа дайындалғысы келетінін түсінеміз. Бірақ құрылыс жүріп жатқан жерде ауыр техника көп, газ, су, жарық тартылып жатыр. Сондықтан құрылыс аяқталғаннан кейін қора салуға кіріссеңіздер деп сұраймын,- деді Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов өз үндеуінде.

Еске салсақ, биыл көктемде Нұра ауылын су басты. Ондағы барлық үйге су кірді. Жергілікті атқарушы орган мен халық бірігіп, ауылды жаңа жерге көшіруге шешім қабылдады.