Су тасқыны: Жалаулы ауылында салынып жатқан 5 үйдің құрылысы аяқталуға жақын

0
760

Биылғы сәуір айында су тасқынына байланысты Жалаулы ауылында төтенше жағдай жарияланған еді.


Су тасқыны: Жалаулы ауылында салынып жатқан 5 үйдің құрылысы аяқталуға жақын

ERNUR.KZ. Жалаулы ауылында тасқын судан зардап шеккен 5 отбасыға жаңадан салынып жатқан үйлер шілде айында тапсырылады, деп жазады inform.kz.

Биылғы сәуір айында су тасқынына байланысты Жалаулы ауылында төтенше жағдай жарияланған еді.

Кейін су тасқыны кезінде зардап шеккен және комиссияның шешімімен тұруға жарамсыз деп танылған 5 үй анықталып, олардың орнына жаңа құрылыстар салына бастады.

«Бүгін Ақтоғай ауданына жасаған жұмыс сапарымда ең алдымен Жалаулы ауылына бардым. 5 жаңа үйді салуға ERG тобы қолдау білдірді. Жұмыстарды жергілікті «Стальмонтаж» ЖШС жүргізіп жатыр. Ауыл тұрғындарына арналған үйлерді осы ауданның жауапты кәсіпкерінің салуы мен үшін маңызды болды. Бүгінгі таңда барлық 5 үйдің қабырғалары бой көтерді. Екеуіндегі жұмыстар 90%-ға орындалды, бөлмелерді әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған үш үйде жұмыстар жалғасуда. Үйлерге ұзақ жанатын жылыту қазандықтары, суды бұруға арналған шұңқыр орнатылады және орталық су құбырына қосылады. Тұрғын үйлердің кілттерін иелеріне осы жылдың шілде айының басында табыстау жоспарланып отыр. Үйлерді толығымен аяқтап, адал тапсыруды жүктедім», деп жазды Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Instagram-дағы парақшасында.

Бұған қоса Жалаулы ауылында бүгінде жалпы сыйымдылығы 200 мың текше метр болатын 3 жаңа қазаншұңқырдың құрылысы жалғасып жатыр. Бұл болашақта ауылды су басу мәселесін кешенді шешуге мүмкіндік береді. Оны да шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.