"Жынымды келтірмеңізші" деген Серік Жұманғарин журналистерден кешірім сұраған болатын
ERNUR.KZ. БАҚ өкілдеріне "жынымды келтірмеңізші" деген ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин жұмысын жалғастырып жүр. Бұл туралы бүгін ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп жазады Sputnik.kz.
"Қазіргі вице-министр Жұманғарин жұмысын жалғастыруда. Кешірім сұрады. Әрине, ол уайымдап жүр", - деді су жаңа министр үкімет кулуарында.
Министр қойылған сұрақтарға дөрекі жауап беруге болмайтынын атап өтті.
"Бұған жол бермеуіміз керек. Біздің министрлік Жұманғаринмен тиісті жұмыс жүргізді. Оның үстіне, біз журналистердің халықты мазалаған сұрақтарды қоятынын түсінеміз. Сол үшін де БАҚ өкілдеріне алғыс айтқым келеді", - деді Дәленов.
Еске сала кетсек, осыдан он күн бұрын желіде ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің тілшінің тарифке қатысты қойған сауалына берген жауабы қызу талқыланды. Вице-министр тарифке қатысты сұраққа жауап беруден бас тартып,"жынымды келтірмеңізші" деген еді. Шенеуніктің бұл жауабы жұрттың наразылығын тудырып, көп ұзамай Жұманғарин кешірім сұрады.