28 қазанда сот Біртановты 5 жылға, ал оның орынбасары Олжас Әбішевті 4 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды.
ERNUR.KZ. Елордада экс-министр Елжан Біртановтың адвокатының өтініші қанағаттандырылған жоқ, деп жазады ulysmedia.kz.
Біртановтың адвокаты Нұрлан Бейсекеев Қылмыстық-процестік кодексінің 87-бабына сүйеніп, апелляциялық сот құрамына қарсылық білдірді. Алайда Судья Айбек Әмірғалиев оның өтінішін қанағаттандырмады.
Еске сала кетейік, 28 қазанда сот Біртановты 5 жылға, ал оның орынбасары Олжас Әбішевті 4 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды. Елжан Біртанов “санавиацияны заңсыз пайдаланды” деген айып бойынша ақталғанымен “лауазымын асыра пайдаланды” деген бап бойынша айыпты деп танылды. Екеуі сот үкімі бойынша “келтірілген” 1 млрд 350 млн теңге шығынды өтеуге міндеттелді.
Елжан Біртановтың адвокаттары жоғары тұрған сот сатысына №2 Сарыарқа сотының үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Экс-министрдің қорғаушылары сот үкімінің оны лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп тапқан бөлігіне наразы.
Бұған дейін аппеляциялық сот отырысы бірнеше мәрте кейінге шегерілген. Соңғы рет Біртановтың тергеу изоляторының қабырғасында жүргенде пайда болған ауруы асқына түсуіне байланысты сот процесінің мерзімі ауысқан.