Такси жүргізушісіне жасалған шағым оны Қазақстаннан шығарумен аяқталды

0
79

Петропавл тұрғынының такси жүргізушісінің дөрекілігіне қатысты шағымы жүргізуші үшін күтпеген жерден сот ісіне айналды.


Такси жүргізушісіне жасалған шағым оны Қазақстаннан шығарумен аяқталды

Фото: polisia.kz

ERNUR.KZ. Тексеріс кезінде полицейлер 42 жастағы шетел азаматының көші-қон заңнамасын бұзғанын анықтады, деп жазады tengrinews.kz.

Полиция не анықтады?

Ер адам жолаушылар тасымалымен айналысқан, бірақ Қазақстанға кіру кезінде келу мақсаты ретінде жұмысқа орналасуды немесе кәсіпкерлік қызметті көрсетпеген.

Сонымен қатар, оның бұған дейін де осындай заң бұзушылық үшін әкімшілік жауапқа тартылғаны белгілі болды.

Полицейлер материалдарды жинап, сотқа өткізді. Заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанғандықтан, іс әкімшілік тәртіппен қаралды.

Такси жүргізушісі бес жылға елден шығарылды

Сот ер адамға бір тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Осыдан кейін ол Қазақстан аумағынан шығарылады, ал елге кіруіне бес жылға тыйым салынады.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 679 шетел азаматы жауапқа тартылды. Оның 633-і көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жазаланды.

Қазақстан аумағынан 45 шетелдік шығарылды. Тағы 152 өзге мемлекет азаматының елде болу мерзімі қысқартылған.