​Талғар ауданының полицейлері тапа-тал түсте дүкен тонаған ерлі-зайыптыларды ұстады

0
747

Ол дүкен сатушыларына бұрын сотты болғанын және ештеңеден тайынбайтынын айтып қорқытқан.


​Талғар ауданының полицейлері тапа-тал түсте дүкен тонаған ерлі-зайыптыларды ұстады

Оқиға 12 тамыз күні аудан орталығы Талғар қаласында орын алған. Азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар алдын ала сөз байланысу арқылы үйлеріне жақын маңдағы дүкеннен азық-түлік алып, дүкен сатушыларын қорқыту арқылы төлеместен оқиға орнынан із суытқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Полицейлерге қоңырау шалғандықтан, тәртіп сақшылары шұғыл жетіп, қылмысқа қатысы бар тұлғаларды жылдам анықтады.
«Азаматтық некеде тұрып жатқан екі азаматтың өзара келісуімен қылмыстың орын алғаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 32 жастағы күдікті аудандық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды»,- деді Талғар ауданы Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерлан Қасым.
Тергеу барысында күдікті азаматтың бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Ол дүкен сатушыларына бұрын сотты болғанын және ештеңеден тайынбайтынын айтып қорқытқаны белгілі болды.