Volksagen Golf көлігі үш оқушы қызды қағып кетті. Зардап шеккендер Алматыдағы өңірлік клиникалық балалар ауруханасына жеткізілді.
ERNUR.KZ. Алматы облысының медицина қызметкерлері жол апатынан зардап шеккен үш оқушының жағдайы туралы айтты, деп жазады sputnik.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, қазір оқушы қыздардың біреуі ғана ауруханада жатыр. Жарақаты ауыр болғандықтан, дәрігерлер оны бақылауда ұстап отыр. Қалған екі оқушы амбулаториялық емдеуге жолданды.
Белгілі болғандай, зардап шеккендер жол апатынан кейін бірден Алматының өңірлік клиникалық балалар ауруханасына жеткізілген. Тексерудеy кейін балаларға жабық бассүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы диагнозы қойылған. Арасындағы жасы ең кіші оқушының маңдай тұсына зақым келген, ал ең ересегі тізе буынынан жарақат алған.
"Екі оқушының ата-анасы ауруханаға жатқызудан бас тартты. Сондықтан олар тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаториялық емдеуге, учаскелік дәрігердің бақылауына жіберілді. Үшінші оқушының жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Тізе буын жарақатына байланысты Алматы өңірлік клиникалық балалар ауруханасына жатқызылды", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Еске салары, 29 қарашада Талғарда жолдың жолаушыларға арналған бөлігінен өтіп бара жатқан үш оқушы қызды Volksagen Golf көлігі қағып кетті. Рөлде 47 жастағы әйел болған.
Полиция сараптама қорытындысы бойынша автокөлік жүргізушісіне қатысты процессуалдық шешім шығатынын мәлімдеді.