"Тальго" жолаушылар пойыздарына бақылау жұмыстары күшейтіледі

0
641

Оған басты себеп - өртке қарсы қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы.


ERNUR.KZ. Көлік комитеті наурыздан бастап жолаушылар пойыздарына тексеру жұмыстарын жүзеге асырады. Кейінгі 3 жылда жолаушылар тасымалына арналған Patentes Talgo S.L. компаниясының өнімі саналатын жүрдек пойыздарда техникалық вагондардың өртенуіне қатысты 3 жағдай тіркелген, деп жазады inbusiness.kz.

Мәселен, былтыр ҚР ИИДМ Көлік комитетінің аумақтық бөлімшелері өрт қауіпсіздігінің талаптарына байланысты 100-ден артық бұзушылықты анықтап, нәтижесінде 2 млн теңгеден аса қаражатқа әкімшілік айыппұл салынып өндірілген.

Көліктік бақылау органдары "Аршалы-Анар" учаскесінде Петропавл-Алматы бағытындағы жолаушылар пойызының техникалық вагонындағы өрттің шығуына байланысты кейінгі оқиғаны ескеріп, Patentes Talgo S.L. жолаушылар пойыздарына профилактикалық бақылау жұмыстарын күшейтуді ұйғарды. Ведомство өкілдері оның нәтижелерін қосымша хабарлайтынын жеткізді.

Сонымен қатар биыл наурыздан бастап жолаушылар пойыздарына тексеру жұмыстарын жүргізу жылжымалы құрам жасақталатын пункттерде жүзеге асырылады. Бұл ақауы бар вагондарды анықтап, олардың рейске шығуына жол бермейді.

Осы ретте теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау саласында қандай да бір өрескел бұзушылықтар байқалса, ҚР ИИДМ Көлік комитетіне қарасты ахуал орталығының WhatsApp-ғы нөміріне: +77080880800 немесе 98-35-35 нөмірі бойынша сенім телефонына хабарласып, тиісті ақпаратты жеткізуге болады.