Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде үлкен пікірталас тудырды.
ERNUR.KZ. Жас айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай Fly Arystan бортсеріктері ұлттық аспапты ұшаққа кіргізбей қойғанын айтты. Ақын бортсеріктердің талабына көнбей, сонда да домбырамен ұшаққа отырған, деп жазады sputnik.kz.
Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде үлкен пікірталас тудырды. Оқиға туралы әуе компаниясы түсініктеме берді. Ережеге сәйкес, музыкалық аспапқа бөлек орын сатып алынады, алайда ақын тарапынан ол орындалмаған. Сонымен қатар Тілеутай қызметкерлерді қорлап, итеріп жіберді, деп хабарлады әуе компаниясы.
"Бейнематериал кадрларын, сондай-ақ әуе компаниясы қызметкерлерінің есебін тексеру қорытындысы бойынша жолаушы қызметкерлердің ережені түсіндіруге деген өтініші мен әрекетін елемей, оларды қорлап, итеріп жіберіп, ұшақ бортына жүгіргені анықталды", - деп хабарлады авиакомпания.
Бірақ рейсті кешіктірмеу үшін жолаушыны ұшақтан шығармау туралы шешім қабылданды.
"Ұшу уақытын кешіктірмеу үшін жолаушыны рейстен шығармау туралы шешім қабылданды, өйткені мұндай жағдайда қауіпсіздік ережелеріне сәйкес барлық жолаушыны түсіріп, оларды қайта тексеру қажет болады. Дәл осындай жағдай қайталанған жағдайда авиакомпания деструктивті жолаушыларға тиісті шараларды қолдануға мәжбүр болады", - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Сондай-ақ әуе компаниясы дәстүрлер мен ұлттық құралдарды құрметтейтінін, бірақ жолаушылардың мәртебесіне немесе танымалдылығына қарамастан талап барлығына бірдей екенін айтты.