Тараз тұрғыны 19 жыл бұрын өлгендер тізіміне еніп кеткен

0
623

Бір жарым жылдан бері өлгені туралы анықтамасын алып, тірі екенін дәлелдей алмай бармаған жері қалмапты.


Тараз тұрғыны 19 жыл бұрын өлгендер тізіміне еніп кеткен

Тараз тұрғыны 19 жыл бұрын өлгендер тізіміне еніп кеткен. Ал өзі оны бір жарым жыл бұрын ғана біліпті. 59 жастағы азамат зейнетақы қорындағы ақшасын есептетуге барған, сонда қайтыс болған азаматқа қызмет көрсетпейміз деп қайтарып жіберіпті. Енді тірі екенін дәлелдей алмай жүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Өзі тірі, құжат жүзінде бақилық болған Олег Ким алғашында есеңгіреп қалған. Зейнет жасына жақындаған соң зейнетақы қорындағы қаражатын түгендеуге барыпты. Сөйтсе ондағы мамандар тірі әруақ келгендей таңқалған.

"Зейнетке шығуыма жақын қалды ғой деп зейнетақы қордағы қаражатымды есептетуге барғанмын. Сөйтсем мамандар маған таңқалып, сізге қызмет көрсете алмаймыз, өйткені тірілір тізімінде жоқсыз деді. Қолыма қағазды ұстатты. Сөйтсем мені Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотты 2004 жылы марқұмдардың қатарына енгізіп жіберіпті",- дейді Тараз қаласының тұрғыны Олег Ким.

Бір жарым жылдан бері өлгені туралы анықтамасын алып, тірі екенін дәлелдей алмай бармаған жері қалмапты. Жақында бұрынғы әйелі оны іздеп сотқа жүгінгенін анықтаған. Ал сот оны өлді деп шешім шығарған көрінеді.

"Біз әйеліммен заңды түрде ажырасқан жоқпыз. Ол кезде 10 жастағы қызым қалған. Кейін әйелім мені іздеп таппаған ау деп ойлаймын. Мен жоқ болып кеткен соң ол сотқа жүгінген болуы керек. Ал судья қайтыс болды деген шешім шығарып жіберген ғой. Бірақ мені ешкім іздеген жоқ", - дейді Олег Ким.

Тірі әруақ болдым деген азамат осы уақытқа дейін қалай өмір сүріп келгеніне аң таң. Бір фирмада жүк тасушы болып жұмыс істеп, жалақы алған. Екі жыл бұрын ескірген жеке куәлігін де еш кедергісіз ауыстырыпты. Ал АХАЖ бөліміндегілер өлді деген дерек электронды ортақ базаға тек 2021 жылы енгізілгенін айтады.

"Бұл кісінің статусын қайтару үшін АХАТ бөліміне жүгінуі керек. Өтініш жазып. Қайтыс болу акт жазбасын жою үшін. Содан кейін бұл кісіге сотқа жолдама береміз.Түрксіб аудандық сотының 2004 жылғы шешімін жою үшін. Сол жою фактсын әкелгенде біз оны жойып тастаймыз.Одан кейін статусы өзгереді", - дейді Тараз қалалық АХАТ бөлімінің басшысы Бахытнұр Тілеубекқызы.

Олег Ким азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне өтініш тастады. Енді тірілер тізіміне нақты қашан қосылары белгісіз. Ал алпысты алқымдаған азамат әзірге мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді ала алмайды.