Таразда "Кока Кола"-ның жүк көлігі көшелерді тазалайтын бес баланың анасын қағып кетті

0
538

Мөлдір Жақаева "Жасыл ел Таразға" жұмысқа орналасқан.


Таразда

ERNUR.KZ. Таразда “Жасыл елге ” қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасқан әйелді жүк көлігі қағып кетті, деп жазады stan.kz.

Мөлдір Жақаева "Жасыл ел Таразға" жұмысқа орналасты. Оқиға болған күні ол Қонаев пен Комратов көшелерінің қиылысын тазартып жүрді. Дәл сол жерде оны “Кока кола Алматы Боттлерс” ЖШС жүк көлігі қағып кетті.

“Бас сүйегімнің бір бөлігі сынды. Сүйектердің қалдықтарын алып тастағаннан кейін миды тек бас терісімен жауып қойды. Анам басыма титан пластинасын салдыру үшін ел-жұрттан ақша сұрауға мәжбүр”, – деді Мөлдір.

Жалғызбасты әйел бес баланы тәрбиелеп отыр. Оның баспанасы жоқ. Күн көру үшін ол кез келген жұмысты істеуге әзір. Бірақ эпилепсиямен ауырғандықтан, жиі жұмыстан шығып қалады. Күніне бірнеше рет талма ұстамасы болады.

Өткен жылы оған мүгедектіктің екінші тобы тағайындалды. Биыл бас тартылды.

“Дәрігерлік-еңбек сараптама комиссиясы тұспалдап, бірдеңе сұрады. “Әкелсеңіз, екінші топқа береді, әкелмесеңіз, жұмысқа барыңыз” деді. Менде мұндай ақша қайдан болсын?! Мен жұмыс істеуден қашпаймын. Бірақ көбінесе жұмыс берушілер мені жұмысқа лағысы келмейді, өйткені оларға қосымша проблемалар керек емес. Екінші топтағы мүгедектік бойынша әлеуметтік төлем үшінші топқа қарағанда 20 мың теңгеге артық. Мұның өзі жетпейді, сондықтан жұмыс істеуім керек. Балаларды тамақтандыру керек”, – деді жәбірленуші.

Бұл оқиға үлкен резонанс тудырды. Азаматтық белсенділер пікір білдірді. Тіпті “Кока Кола Алматы” ЖШС-на бірнеше рет хат жазылды. Бірақ жауап келмеген.

“Жалғызбасты көп балалы ананың мүгедек болып қалғанына ешкім жауап бермеді, жазаланбады да. Мөлдір және Берікбол Уәлиханов деген белсендімен бірге осы фирмаға бардық. Олардың заңгері Исатай Сералиевтың айтуынша, дәл Кока коланың көлігі қағып кеткенін дәлелдеу керек екен. Полиция айналыссын деді. Даудың соңы төбелеске ұласа жаздады”, – деді белсенді Қайрат Шайхиев.

Белсенді Арман есімді фирманың басшысымен сөйлескенін де айтты. Ол да басын ала қашып, “оны мен қағыппын ба?!” деп жалтарған.

“Заңгер хабарласады деді, бірақ ешкім жолықпады. Содан кейін сол фирманың Шымкенттегі өкілі Дамир Искаковқа байланысқа шықтық, ол да қоңырау шаламыз деп уәде беріп, жоғалып кетті. Бас менеджер Эрдинч Гюзелдің атына хат жолданды. Ол да жауапсыз”, – деді белсенді.

Жауап тек Жаңа жыл қарсаңында әлеуметтік желіде жарияланды. "Кока-кола Алматы Боттлерс" ресми парақшасында жағдайды түсіндіретіндерін жазған.

Тараз полиция басқармасына екі рет өтініш берілді. Неліктен іс қозғалмағанын ешкім түсіндіре алмайды.

Жамбыл облысының полиция департаменті осы факт бойынша ҚК-нің "адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол ережесін бұзу" 345-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

“Бұл жүргізушіні өзіміз таптық. Тіпті оның туыстарын да. Полиция мұны істей алмай ма?!”, – деді жанашыр.

"Жасыл ел Тараз" ЖШС-де де оқиға тіркелді. Серіктестік басшысының орынбасары Айдын Бейсековтың айтуынша, Мөлдірге тиісті көмек көрсетілді.

“Ұжым оған емдеу және оңалту кезінде көмектесті. Мөлдір тұрғын үй алуға кезекте тұр. Оған көп балалы отбасыларға арналған жатақханада екі бөлмелі пәтер берілді. Барлық коммуналдық шығындарды серіктестік төлейді, – деді Бейсеков.

Жазатайым оқиға Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасында да тіркелді. Тергеуден кейін комиссия барлық шығын “Жасыл елге” жүктелетінін мәлімдеді. Бірақ жәбірленушінің айтуынша, оған ешкім ешқандай қаржы бермеді. Алайда "Жасыл ел Тараз"-дың емделуге көмектескенін жоққа шығармады.

Әйелдің сұрайтын жалғыз нәрсеі – мүгедектіктің екінші тобын қайтаруға көмектесу. Ол үшін барлық қажетті шаралардан өтуге дайын.