Таразда соңғы қоңырауға эстрада жұлдыздары шақырылған: Мереке көптің талқысына түсті

0
620

Іс-шара мектепті бітірген 20 жыл бұрын 2003 жылғы түлектердің қаражатына ұйымдастырылған.


Таразда соңғы қоңырауға эстрада жұлдыздары шақырылған: Мереке көптің талқысына түсті

ERNUR.KZ. Қазақстандық мектептердің бірінде соңғы қоңырауға отандық эстрада жұлдыздары шақырылған, деп жазады stan.kz.

Әлеуметтік желілерде соңғы қоңырауды эстрада әншілерімен тойлаған мектептің бейнежазбасы тарады. Желі қолданушылары бұл Тараздағы мектеп екенін айтты.

Мұны бір тарап қолдаса, екінші жақ бұлай тойлаудың маңыздылығы жоқ екенін айтады.

"Ата-аналар тырысқан болар?! Дұрыс! Түлектер мектептен кетеді, енді олар үлкен өмірге қадам басады, кімді не күтіп тұрғаны белгісіз", "Соңғы қоңырау – түлектердің мерекесі, оны есте қаларлық және қызықты етіп тойлаудың еш әбестігі жоқ", "Қайрат Нұртас қайда?", "Шынайы мерекеден ештеңе қалмады, Instagram әлемі үшін жасалатын шоулар мен мақтану!" – деп жазды желі қолданушылары.

Жамбыл облыстық білім басқармасы жағдайға түсініктеме беріп, мұны оқушылар ұйымдастырмағанын айтты.

"1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне және соңғы қоңырауға орай қазақстандық балуан Бейбіт Ыстыбаевтың бастамасымен Тараздағы Мұратбаев атындағы №17 орта мектебінің мұғалімдеріне алғыс ретінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Спортшы – 2003 жылғы түлек. Мерекелік шарада "МузАРТ" тобы, Әбдіжаппар Әлқожа, Нұрболат Абдуллин, Ғазизхан Шекербеков, Еркін Нұржанов сынды әртістер өнер көрсетті. Мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылар бұл мерекелік шараны ұйымдастыруға қаражат жинамады”, – деп мәлімдеді Жамбыл облысының білім басқармасы.

Іс-шара мектепті бітірген 20 жыл бұрын 2003 жылғы түлектердің қаражатына ұйымдастырылған.