Тараздағы 72 жауынгерге арналған мемориалды бүлдірген үш оқушы анықталды

0
133

​Полиция күдікті ретінде 7-сыныпта оқитын үш оқушыны анықтады.


Тараздағы 72 жауынгерге арналған мемориалды бүлдірген үш оқушы анықталды

фото:baq.kz.

ERNUR.KZ. Тараз қаласында 72 жауынгер жерленген мемориалды бүлдіру дерегі бойынша күдіктілер анықталды. Олар жергілікті мектептердің бірінде оқитын 7-сыныптың үш оқушысы болып шықты, деп жазады baq.kz.

Ескерткішті қорлау дерегі бойынша полиция қызметкерлері күдіктілерді анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Олар Тараз қаласындағы мектептердің бірінде оқитын 7-сыныптың үш оқушысы екені белгілі болды. Кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке қойылды. Ал олардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды, – деп жазылған полиция хабарламасында.

Сондай-ақ құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою мақсатында Білім басқармасы және Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныстар енгізілді.

Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға беріледі, – деп мәлімдеді ведомство.

Полиция өкілдері кез келген бұзақылық пен вандализм әрекетіне жол берілмейтінін ескертті.

Полиция кез келген бұзақылық пен вандализм әрекетіне жол берілмейтінін және мұндай құқық бұзушылықтардың қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеді. Әрбір дерек бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылданады. «Заң мен тәртіп» қағидаты заңға, айналаға және қоғамдық құндылықтарға құрметпен қараудан басталады. Белгіленген талаптарды сақтау мен әр адамның жауапкершілігі – қауіпсіз әрі жайлы қоғамның негізі, – деді полиция департаменті.

Еске салайық, бұған дейін Тараз қаласындағы Қарасу шағын ауданында орналасқан ескі зират аумағындағы мемориалдың бүлінгені хабарланған еді. Бұл жерде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жамбыл қаласындағы эвакуациялық госпитальдарда алған жарақатынан көз жұмған аты-жөні белгісіз 72 жауынгер жерленген.

Тарихи мемориал күрделі жөндеуден өтіп, 2026 жылғы 15 қазанда салтанатты түрде қайта ашылған болатын. Алайда арада бір ай өтпей жатып ескерткіш бүлінген. Оқиғадан кейін Жамбыл облысының әкімдігі мемориалды қайта қалпына келтіруге уәде берген.