​Тасқын болған өңірлердегі балалар саяхат пойызында Қазақстанның көрікті жерлеріне аттанды

0
492

Биыл су тасқыны болған өңірлер мен «Самұрық-Қазына» қорының өңірлердегі өндірістік кәсіпорындарынан көпбалалы және аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан 10 жастан 15 жасқа дейінгі 400 бала қамтылып отыр.


​Тасқын болған өңірлердегі балалар саяхат пойызында Қазақстанның көрікті жерлеріне аттанды

«Туған елге саяхат» қайырымдылық жобасы аясында балалар Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан және Байқоңыр аймақтарындағы танымал мәдени-тарихи орындарын аралайды, деп жазады ERNUR.KZ.

Биыл су тасқыны болған өңірлер мен «Самұрық-Қазына» қорының өңірлердегі өндірістік кәсіпорындарынан көпбалалы және аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан 10 жастан 15 жасқа дейінгі 400 бала қамтылып отыр.

12 күн ішінде балалар қалаларға барып қана қоймай, қоршаған ортаға жанашырлық таныту мен жаңа экологиялық дағдыларды меңгереді.

«Самұрық-Қазына» қоры «Таза Қазақстан» республикалық акциясын белсенді түрде қолдап, осы жылдан бастап балаларға экологиялық әдеттер мен дағдыларды дамыту, қоқысты сұрыптау бойынша оқыту шараларын ұйымдастырып келеміз. Бұл іске «Туған елге саяхат» жобасы да үн қосып отыр. Биыл қатысушылардың жартысы - әкімдіктердің берген тізімі бойынша су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің балалары, қалған жартысы- Қордың өндірістік кәсіпорындарының балалары. Жалпы бұған дейін «Самұрық-Қазына» тобы су тасқыны салдарымен күреске 22 млрд теңгеден астам қаражатты бағыттаған болатын», - деді Қор басшысы Нұрлан Жақыпов.

«Таза Қазақстан» акциясын қолдау аясында пойыз вагондарына тұрмыс қалдығы түрлеріне байланысты арнайы контейнерлер орнатылды. Осылайша жол бойы балалар алған білімдерін зерделеп, экологиялық дағдыларды дамыта түседі.

Жобаның екінші маусымы 24 шілдеде басталып, балалар осы белгіленген бағытпен сапарлайды.

Қордың әлеуметтік жобалары аясында жыл сайын жарты миллионнан астам қазақстандыққа қолдау көрсетіледі. Оның 97 мыңы – балалар мен аналар.

Еске салсақ, «Туған елге саяхат» жобасы «Самұрық-Қазына» компаниялары тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорымен және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен серіктестікте жүзеге асырылуда. Алтыншы мәрте жолға шыққан саяхат пойызы арқылы бұған дейін 5 жылда 3 мыңға жуық балаға жолдама берілді.