Ел президенті көтерген бастама тазалық жұмыстарымен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеруді де қамтиды.
фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі
«Тазалық — саулық негізі, саулық — байлық негізі» демекші, тазалық қоршаған ортаның ғана емес, тұтас қоғамның айнасы. Сәйкесінше, кейінгі жылдары елімізде экологияға қауіп тудыратын күрделі проблемаларға қарсы күрес қарқын алып, жүйелі жұмыстар қолға алынды. Әсіресе, ел президентінің ұсынысымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жемісін беріп, ауқымы кең бағдарламаға айналып үлгерді. Себебі, бұл бастаманың мақсат-міндеті біз ойлағаннан да көп болып шықты. Анығын айтсақ, ел президенті көтерген бастама тазалық жұмыстарымен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеруді де қамтиды.
Қазір әлемдік климаттың өзгеруі, қоршаған ортаға тасталатын қоқыстың молаюы, су көздерінің бұзылуы мен ауа сапасының төмендеуі бүкіләлемдік тұтас бір проблемаға айналып отыр. БҰҰ-ның ресми деректеріне сүйенсек, жер ғаламшарында жыл сайын 2 миллиард 200 миллион тоннадан асатын қоқыс түзіледі екен. Ал, оның қайта өңделетіні өте аз мөлшерді құрайды.
Бұл проблема біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Ресми дереккөздерге сүйенсек, республика көлемінде әр жыл сайын шамамен 5 миллион тонна тұрмыстық қалдық пайда болады екен. Нәтижесінде жер-жерде ретсіз қоқыс алаңдары пайда болып, қоршаған ортаға орасан зор зардап келтіруде. Соңғы жылдары ел аумағында қоқысты қайта кәдеге жарату ісі қолға алынып жатқанымен, экологиялық мәдениеттің әлі де жоғарыламауы бұл проблеманы шешуге тосқауыл болып келеді.
Осы орайда 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыруды жүктеп, аталған акция тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, қоғам санасын өзгертетінін атап өткен болатын. Осылайша Қазақстанда экологияны жақсартуға бағытталған біртұтас қозғалыс қалыптасты десек, қателеспейтін болармыз. Себебі, бұл бастама аз ғана уақыт ішінде үздіксіз өткізілетін ауқымды әрі тұрақты процесске айналды.
Соның арқасында акция басталған жылы-ақ еліміздегі елдімекендерді көркейту, қоғамдық орындарды тазарту және таза ұстау, табиғи аймақтарды ретке келтіру, тарихи-иәдени орындарды қорғау, ағаш көшеттерін егу, ретсіз қалдық полигондарын жою және ел арасындағы экологиялық мәдениетті көтеру жұмыстары бір жүйеге түсірілді. Сондай-ақ, экологиялық акция аясындағы жұмыстарға бірнеше мекеменің қызметкерлері ғана емес, кез келген азамат үлес қоса бастады. Сәйкесінше, атқарылған істердің нәтижесі ел күткеннен де жоғары болды. Атап айтсақ, Қазақстан Үкіметінің ақпараты бойынша 2024 жылы 180-нен астам ауқымды іс-шара өтіп, акцияға атсалысқандар саны бұрынғыға қарағанда 2-3 есе көбейген. Мыңдаған тонна күл-қоқыс тазаланып, миллиондаған түп ағаш көшеті отырғызылған.
Ал, 2025 жылы экологиялық акцияның ең жоғары нәтижелері тіркелді. Ел Үкіметінің ресми деректеріне сүйенсек, бір жыл ішінде Қазақстан аумағында 1300-ге жуық экологиялық акция өткізіліп, 850 мың тоннаға жуық қоқыс тазаланған. 3 миллион 800 мың түп ағаш отырғызылып, 1 миллион гектардан астам аумақ тазартылған. Аталған нәтижелердің тіркелуіне 7 миллионға жуық қазақстандық үлес қосыпты. Бұл алғашқы жылы бір жүйеге келтірілген акцияның екінші жылдан-ақ жалпыұлттық бастамаға айналғанын аңғартады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарға барынша атсалысып, игілікті істерден шет қалмайтын табиғат жанашыры Қайрат Сүлейменұлының айтуынша, қоқыспен күресуді даланың емес сананың тазалығынан бастаған жөн.

«2016 жылдары бір топ ұрандастармен бірге қоршаған ортаны қорғау мәселесіне зер салып, бірқатар іс-шараларды ұйымдастыра бастаған едік. Сол кездің өзінде жеке қаражатымыздан бірқатар тарихи-мәдени, табиғи объектілерді аралап, сол жерлердің тазалығын реттеуді қолға алдық. Уақыт өте келе Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын бастап жіберді. Бүгінде сенбіліктер апта сайын ұйымдастырылып жатыр. Әр сенбілік сайын пәлен мың тонна қоқыс жиналды деп жатады. «Сонда ол қоқыстың бәрі қайдан шығып жатыр? Бұл бастама басталғанша біз қалай өмір сүргенбіз?» - деген сұрақ туындайды. Шашылған қоқыспен күресуді даланың емес сананың тазалығынан бастаған жөн. Мектептерде экологиялық сауаттылықты көтеретін пәндер оқытылса, келешек ұрпағымыз апта сайын көше бойында қоқыс теріп жүрмес еді», - дейді ол.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы тағы бір елеулі жаңалық – «TazaQazBot» деп аталатын цифрлық жүйе. Аталған платформаның көмегімен кез келген тұрғын экологиялық мәселелерді жауапты мекемелерге жеткізе алады. Сонымен қатар, жауапты мекемелер тұрғындарға кері байланысқа шығып, мәселенің шешілгенін хабарлайды. Былтырғы жылдың өзінде ос жүйе арқылы 26 000-нан аса мәселе назарға алынып, басым бөлігі оң шешімін тапқан екен.
Биыл да тұтас бағдарламаға айналған «Таза Қазақстан» эологиялық акциясы сәтті жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарламасына сүйенсек, 2026 жылдың басынан бері алғашқы айларда 400-ден аса іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде 600 мың гектарға жуық жер тазаланып, 120 000 тоннадан аса қоқыс жиналыпты. Егілген ағаш көшетінің саны – 1 миллион 700 мыңға жуық. Қоғамдық іс-шараларға қатысушылар саны – 1 700 000-ды құрап отыр. Ведомство жоспарына сәйкес, жыл аяқталғанша 440 іш-шара өткізілмек.
Тағы бір айта кетерлік жәйт, министрлік «Таза Қазақстан» акциясын түрлі бағытқа бағдарлап, «Таза жағалау», «Жасыл аймақ», «Мөлдір бұлақ», «Киелі мекен», «Өнегелі ұрпақ» және «Таза кәсіп – таза өндіріс» сияқты бағыттарды бекіткен. Бұл бағыттардың әрқайсысы нақты салаларға бағытталған.
«Таза Қазақстан» акциясын сөз еткенде Қазақстандағы өңірлердің географиялық жағдайы да ескеріліп, жүзеге асырылатын жұмыстардың да әртүрлі болатынын атап өту керек. Мәселен, Түркістан өңіріндегі экологиялық іс-шаралар көбіне тарихи-мәдени және туристік орындарға, ағаш көшеттерін отырғызуға байланысты болып келеді. Ал, Астанада қоғамдық орындарды тазалау, жасыл белдеуді ұлғайту, көгалдандыру жұмыстары жиі іске асырылады. Алматы өңіріндегі жұмыстар тау және өзен аумақтарын тазалау, қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыруға негізделсе, Батыста теңіз жағалауын тазарту, шөлді аумақтарды көгалдандыруға ерекше назар аударылады. Солтүстік пен Шығыста орман қорын молайту және тілсіз жаудың алдын алуға ден қойылған.
Сөз реті келгенде «Экологиялық мәдениет» ұғымына қатысты да айта кеткен жөн. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, тұтас қоғамның санасын өзгерту 1-2 жылда жүзеге асырыла салмайды. Мәселен, бүкіл әлемге тазалығымен үлгі болып жүрген Жапонияның өзінде қалдықтарды сұрыптау, қоғамдық кеңістіктерді таза ұстау, табиғатты аялау үрдістері мектеп жасынан бастап қалыптасады екен. Ал, Германияда бұл үрдіс әлдеқашан ондаған жылдар бойы қалыптасып, бүгінде жеке-жеке жинақталатын ұалдықтар бірден қайта өңдеу орындарына жөнелтіліп келеді. Ал, Сингапурдың дәл қазіргідей таза болуына заң талаптарының қаталдығы тікелей әсер еткен. Атап айтсақ, бұл елде тазалыққа қатысты әрбір әрекетке айыппұл салынып қана қоймай, қоғамдық жұмысқа мәндеттеу секілді қатаң шаралар қолданылады. Тиісінше, Қазақстан да осы бағытты жүйелеуге қадам басып келе жатыр. Мысалы, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздегі қоқыстар мен қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші 30 пайыздан асқан. Мемлекет билігі алдағы бірер жылда бұл көрсеткішті 40 пайыға дейін көтеруді мақсат етіп отыр. Бұл көпшілікті қуантатын жаңалық.
Дегенмен, елімізде экологияға қатысты күрмеуі шешілмеген проблемалар да баршылық. Атап айтқанда, Қазақстанның кей аймақтарында ретсіз қоқыс полигондары әлі де кездесіп жатыр және еліміздің барлық жерінде бірдей қоқысты бөлек-бөлек жинақтау іске асырылмаған. Сонымен қатар, қатты қалдықтарды қайта өңдеу орындарының қуаты жыл сайын пайда болатын қоқыстарға толық жетпей отыр. Біз білмейтін бұдан да басқа проблемалар болуы әбден мүмкін. Бір анығы – қандай мәселе болмасын, оны шешуге бірнеше адам мен мекеменің күші жетпейді. Тұтас қоғам болып кіріскенде ғана Қазақстанның экологиясы жақсарады. Бұл сөзімізге «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері атқарылған жұмыстар дәлел бола алады. Атап өтер болсақ, акция басталғаннан бүгінгі күнге дейін ел аумағында 1,5 мыңнан астам іс-шара жүзеге асырылып, 2 миллион тоннадан астам күл-қоқыс тазаланған және 5 миллион 500 мың түптен астам ағаш көшеті отырғызылған. Аталған көрсеткіштер қазақстандық тұрғындардың экологиялық мәдениеті артып, тұтас бір күшке айналып келе жатқанын аңғартады.
Б.Мейірханұлы,
.


