Теңгелік депозиттер бойынша өтемақы төлеуге өтініш беру мерзімі ұзартылды

0
789

Құжатқа сәйкес банктер салымшылардан өтініштерді 2023 жылдың 10 ақпанына дейін алуды жалғастырады.


Теңгелік депозиттер бойынша өтемақы төлеуге өтініш беру мерзімі  ұзартылды

ERNUR.KZ. Қазақстанда теңгелік депозиттер бойынша 10% мөлшерінде өтемақы (сыйлықақы) төлеуге өтініш беру мерзімі ұзартылды, деп жазады baq.kz.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысына қол қойылды және ол ресми түрде алғашқы жарияланған күннен кейін 10 күн өткен өткен соң күшіне енеді.

Құжатқа сәйкес банктер салымшылардан өтініштерді 2023 жылдың 10 ақпанына дейін алуды жалғастырады. Осылайша бұған дейін өтініш беріп үлгермеген депозиторлар өтемақы алу бойынша келісімін растай алады. Мұны банктің депозит ашылған бөлімшесінде және ресми мобильді қосымша арқылы онлайн жасауға болады.

Сонымен қатар құжатта өтемақының мөлшері бойынша шарттар, салымшының мұрагерлері тарапынан өтініш беру және өтемақы алу тәртібі қарастырылған. Өтемақыны есептеу рәсіміне байланысты сұрақтарға қатысты жағдайларда депозит ашылған банкке тікелей жүгіну қажет.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2023 жылдың 1 қаңтарына қарай банктердің салымшылардан 303,9 млрд теңгеге өтініштер қабылдағанын хабарлайды. Бұл өтемақының әлеуетті жалпы сомасының 90,5%-ын құрайды.

Салымшыға 10%-дық сыйлықақыны оның депозиті ашылған банк есептейді. Төлемдер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін жүргізілетін болады.

Еске саламыз, өтемақылар соңғы күнін қоса есептегенде 2022 жылдың 23 ақпанына дейін ашылған теңгелік депозиттер бойынша төленеді.

ҚДКБҚ салымшыларға осы мүмкіндікті жіберіп алмауға және мемлекеттен сыйлықақы алу үшін өтініш беру мерзімінің ұзартылғандығын осындайда барынша пайдаланып қалуға кеңес береді.

Салымшылар өтемақы төлеу Ережесіне байланысты барлық сұрақтар бойынша депозиті ашылған банкке тікелей жүгіне алады.

Сондай-ақ салымшылар толығырақ ақпарат алу үшін сұрақтарын info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Тelegram-чатына жолдауларына болады немесе 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ-ның байланыс орталығына хабарласа алады.