«Терезеден қоқыс ұшып келеді екен деп ойладым»: куәгер Алматыдағы қайғылы жағдайдың қалай болғанын айтты

0
1 414

Оқиға салдарынан кішкентай үш бала мен олардың анасы көз жұмды.


«Терезеден қоқыс ұшып келеді екен деп ойладым»: куәгер Алматыдағы қайғылы жағдайдың қалай болғанын айтты

ERNUR.KZ. Алматыда 28 жастағы әйелдің үш баласымен бірге суицид жасаған сәтін көршілері байқаған. Аулада жүрген куәгерлер келіншекті терезеден қоқыс тастап жатыр ма деп ойлаған. Сәбилер тек жерге құлаған сәтте ғана олар шошынып, шок алған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оқиға куәгерлерінің бірі құлаған үш баланың кішісі ауыр демалып жатқанын, көп ұзамай жан тапсырғанын айтты.

«Сегізінші қабаттағы қыз, "не істеп жатырсыз, лақтырмаңыз" деп айқайлады. Ол жүгіріп шығып, бақыра бастады. Сосын бір еркек, артынша мен де жүгіріп келдім және осы жағдайларды көрдім. Балалар жерде жатыр, кішкентайы демалып жатты. Мен "жедел жәрдем" деп айқайладым, бәрі дәрігер шақыра бастады. Жедел жәрдем көлігі келді, ары қарай не болғанын білеймін. Көзімнің көруі нашар, жоғарыдан қоқыс ұшып келеді екен деп қалдым. Бәрі де етбетімен жатты, жер-көктің бәрі қан», - деді атын айтқысы келмеген куәгер.

Балаларын лақтырып, артынша өзі де терезеден секіріп кеткен әйелдің мұндай қадамға отбасылық жанжалдан кейін барғанын бұған дейін полиция хабарлаған. Ол өлер алдында хат жазып қалдырған. Күйеуімен 2014 жылы үйленіпті. Көршілері оны аулада үш баласын ойнатып жүретінін жиі көреді екен.

Еске салайық, қайғылы оқиға 22 қарашада сағат 12:20 шамасында Алматыдағы Жетісу-1 шағынауданында болған еді. 28 жастағы әйел тоғызыншы қабаттан алдымен үш баласын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен. Балалардың үлкені – 6, ортаншысы – 5, кішісі 2 жаста болған.

«Полиция тергеудің осы кезеңінде өзін үш баласымен 9-қабаттан лақтырып жіберген әйелдің әрекетінің алдын-ала себебі анықталғанын хабарлайды. Бұл отбасылық-тұрмыстық қатынастар негізіндегі жұбайымен болған жанжал. Өлім алдындағы хаты бар. Басқа мән-жайлар анықталуда», - деді Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі. Қайғылы жағдай ҚР ҚК-нің 105 бабына сәйкес тергелуде. Тергеу-жедел тобы құрылды.