Жолға бұғы жүгіріп шығып, екі көлік соқтығысқан.
ERNUR.KZ. Абай облысында жол апаты болды. Оқиғаға бұғы себеп болған, деп жазады sputnik.kz.
Жол көлік оқиғасы 7 қазанда болған. Жолға жүгіріп шыққан бұғыдан екі бірдей көлік зардап шегіп, жүк көлігінің жүргізушісі күйіп қалды. Зардап шеккендерді аман алып қалуға алғашқы болып Медет Аймұқанбетов жүгірген.
"Бесқарағайдан түнде келе жатқанда, алдымда камаз ары-бері теңселіп, қарсы бағытқа шығып жолдың шетіне аударылып кетті. Не болғанын түсінбей қалдым. Көлігімді тоқтата салып солай жүгірдім. Қарасам жол үстінде үлкен бұғы жатыр, тағы бір жеңіл көлік тұр", - дейді оқиғаның куәгері Медет Аймұқанбетов.
Куәгердің айтуынша, камаздан жанұшыра көмек сұраған адамның даусы шығып, сол жаққа қарай жүгіреді.

"Камаздың алдыңғы терезесін теуіп, ұрумен болдым. Ішіндегі адам да жанталасып жатыр. Есік құлыптанып қалған. Жолға қарай жүгірдім. Ал камазда біртіндеп өрт күшейіп барады. Жолда брусчатка тиеген бір көлік тоқтап, соны алып камаздың терезесін ұрғылай бастадым. Кемінде 15 рет ұрған шығармын. Кабинка жанындағы терезені сындырып, жүргізушіні сол жерден әрең алып шықтым", - дейді куәгер.
Медет Аймұхамбетов ішкі істер минисрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінде қызмет еткен демалыстағы подполковник.
"Жап-жас жігіт, ары кетсе отызда. Денесі күйіп кеткен. Қалшылдап, тілге қата алмады. Ажалым келді деп ойладым дейді. Сәл кешіккенімізде біз оны аман алып қала алмаушы ек", - дейді Медет Аймұханбетов.
Жүргізушіні көліктен шығарған бойда камаз жарылған.
Полицияның айтуынша, оқиға салдарынан 28 жастағы жүргізушінің денесінің 50%-і күйген.