Талдықорғанда жастар арасындағы қақтығыс бір адамның өлімімен аяқталды.
Фото: Zakon.kz
Қайғылы оқиға 2025 жылдың жазында болды. Ішімдікке сылқия тойып алған жастар арасында төбелес орын алып, арты бір адамның өліміне алып келді.
"Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 26 маусым күні шамамен сағат 03:00-де Б. алкогольдік масаң күйде "Жұлдыз" шағын ауданындағы тұрғын үйлердің ауласында өзіне таныс емес Ө. есімді азаматпен болмашы себеппен жанжалға түсіп, жанжал барысында қолындағы асүй пышағымен бірнеше рет соққы жасап, оған ауыр дене жарақатын келтірген. Аталған жарақаттар жәбірленушінің өліміне себеп болған",- деп мәлімдеді істің мән-жайын Талдықорған қалалық соты.
Белгілі болғандай, сот отырысы кезінде сотталушы Б. өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін білдіріп, кешірім сұрады.
Істі жан-жақты қарап, барлық дәлелдемелерді зерттеген сот айыпталушының кінәсі дәлелденген деген қорытындыға келді. Сот айыпталушының жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның шын жүректен өкінуін және кәмелетке толмаған баласының барын ескерді, ал қылмысты алкогольдік мас күйде жасағанын жазаны ауырлататын мән-жай ретінде таныды.
"Сот үкімімен Б. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды",- делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, сотталғаннан 4 445 000 теңге материалдық залал және 15 000 000 теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.