Қазір еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан астам студент білім алып жатыр.
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысының айтуынша, инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту барысында ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады. Болжам бойынша, 2035 жылға дейін елге 2,9 миллион маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандар. Кадр тапшылығы әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ІТ салаларында байқалуы мүмкін.
Қазір еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Президент ерте кәсіптік бағдар беру мен дуальді оқытуға ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Қажетті дағдылары бар, бірақ тиісті дипломы жоқ азаматтар кәсіби біліктілікті тану жөніндегі 22 орталықта өз құзыретін растай алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада іске асырылып жатқан "Joltap" жобасын мысалға келтірді. Бұл жоба бизнес өкілдерінің тікелей қатысуымен жұмысшы және цифрлық сала мамандарын қысқа мерзімде даярлайды. Онда тігінші мен дәнекерлеушіден бастап веб-әзірлеуші мен дизайнерге дейін түрлі мамандыққа оқытады.
"Үш жыл ішінде 22 мыңнан аса адам білім алып, 60 пайызы жұмысқа орналасты, екі мыңға жуық жан жеке кәсібін ашты. Осы табысты тәжірибені барлық өңірге тарату қажет", – деді Президент.
Мемлекет басшысы әр азаматтың өз орнын тауып, отбасын адал еңбекпен асырауына және еліне пайдасын тигізуіне жағдай жасау ортақ міндет екенін атап өтті.


