Тоқаев әлеуметтік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттауды тапсырды

0
96

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасының нақты нәтиже беріп жатқанын да атап өтті.


Тоқаев әлеуметтік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттауды тапсырды

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасының нақты нәтиже беріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл уақытша науқан емес, қоғамдық сананың сапалы түрде өзгеріп, өркениетті стандарттарға өтуі, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Ақордаға сілтеме жасап.

«Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы жүйелі саясат өз жемісін бере бастады. Оны өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Бұл акция немесе науқан өмір бойы жалғаспайды. Әйтсе де онда тұрған дәнеңе жоқ. Керісінше, оның жақсы тұсы көп. Ең бастысы, өркениет талаптарына сай болу үшін сана-сезімде сілкініс болуы қажет. Бұл – біздің саналы таңдауымыз. Басқаша болуы мүмкін емес» — деді президент.

Мемлекет басшысы мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне жеке тоқталды. Ол кепілдендірілген тегін медицинлық көмек көлемі Конституцияда бекітілгенін және азаматтардың кең ауқымына ұсынылатынын баса айтты.

«Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайды. Өйткені бұл міндет Конституциямызда анық әрі тура жазылған. Ата заңның мәтінінде «Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгiленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы» деген арнайы бап бар. Яғни мемлекет кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек береді. Бір сәт Тик-Токтан бас көтеріп, мұндай міндеттеме тағы қандай елдің Конституциясында бар екенін қарап көріңіздер», — деді ол.

Президент тегін көрсетілетін медициналық көмектің түрлерін, соның ішінде бастапқы тексеруді, диагностиканы, шұғыл көмекті және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуді тізбектеді.

«Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса, сізге жай ғана аспирин бере салмайды, учаскелік дәрігер қабылдап, тексереді, диагноз қояды. Денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда жедел көмек көрсетіледі. Диабет, онкология, туберкулез және басқа да кең таралған сырқат түрлеріне ем-дом жасалады. Науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі, жедел жәрдеммен, тіпті санитариялық авиациямен қамтамасыз етіледі», — деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев сондай-ақ өзінің бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорының қызметін тілге тиек етті. Президенттің айтуынша, ұйым ауыр дерті бар балаларға үлкен көмек көрсетіп келеді.

«Айтпақшы, менің ұсынысыммен құрылған «Қазақстан халқына» қорын ұмытпағанымыз жөн. Аталған қор көп көмек көрсетеді, әсіресе ауыр дертке шалдыққан балаларға қол ұшын созады. Дәрігерлердің мәліметі бойынша мұндай жеңілдіктерді өткен ғасырдағы соғыстар мен қақтығыстарға, апаттарды жоюға қатысқан «ардагерлер» пайдаланып жүр. Бұл оқиғалардың бәрі тарих қойнауына кетті, бірақ, неге екені түсініксіз, ардагерлер жасара береді», — деді президент.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саладағы, соның ішінде мүгедектікті белгілеу кезіндегі заңбұзушылықтар мәселесін қозғады. Ол әлеуметтік қолдау жүйесі ең алдымен шынымен көмекке мұқтаж жандардың мүддесі үшін жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.

«Әлеуметтік салада, әсіресе, түрлі деңгейдегі мүгедектікті айқындаған кезде әлі де заңды белден басу фактілері кездесетінін осыдан-ақ аңғаруға болады. Біз кездері мүгедектігі бар жандар 800 мыңнан асып кетті, ал халық саны – 20 миллион. Бейбіт заманда бұған сену қиын», — деп баса айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ жас аналарға арналған әлеуметтік кепілдіктерді, соның ішінде жұмыс орнын сақтай отырып, үш жасқа дейін декреттік демалыста болу мүмкіндігін еске салды.

«Қазақстанда ғана босанған әйел үш жылға декреттік демалысқа шыққанда, қаржылық пакеті мен жеңілдік төлемдері, ең бастысы, жұмыс орны сақталатынын еске салғым келеді. Мемлекет жас аналарды, кем дегенде, бұрынғы жұмысына орналастыруға міндетті. Халықаралық рейтингтерде ұдайы көш бастайтын елдердің бірқатарында мұндай әлеуметтік жеңілдіктер жоқ, болуы да мүмкін емес», — деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл шара отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан, біріншіден төртінші сыныпқа дейінгі барлық оқушыға қолданылады.

«Сол сияқты бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту дегенді көз алдарына елестете алмайды. Аз қамтылған немесе ауқатты отбасыдан шыққанына қарамастан, 1-4 сынып оқушыларының барлығына ыстық тамақ беріледі. Мұны жақсы білесіздер. Талаптар мен нормаға сай, таңғы және түскі ас бала күні бойы алуға тиіс құнардың 40 пайызын өтеуі керек. Мұндайды қай елден көрдіңіздер»,— деді президент.

Ол сондай-ақ нашар еститін балаларға есту аппараттарын тегін беруді көздейтін заңнамалық өзгерістер туралы хабарлап, Үкіметке оларды Қазақстанда өндіру мәселесін қарастыруды тапсырды.

«Парламенттің бұрынғы құрамы заңнамаға есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыны ақысыз беру туралы өзгерістер енгізу қажет деп ұйғарды. Мұндай аппараттар шетелде шығарылады. Сондықтан Үкімет тез арада отандық өндірісті жолға қоюы керек», — деп мәлімдеді Тоқаев.

Президент әлеуметтік көмек пен жеңілдіктерді атаулы түрде ұсыну жұмысын күшейтуге шақырды. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау ең алдымен шынымен мұқтаж азаматтарға жетуі керек.

«Жалпы, Үкімет Құрылтаймен және қоғамның белсенді өкілдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктердің мақсатқа сай берілуін қамтамасыз етуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет шын мәнінде мұқтаж жандарға көмек қолын созуға міндетті. Сонда ғана әділдік салтанат құрады.Бұл жұмыстан осы аттас партия да тыс қалмайды деп сенемін», — деді Мемлекет басшысы.