Тәуелсіздік біздің ең қастерлі құндылығымыз, деді Мемлекет басшысы.
ERNUR.KZ. Егемендік еліміз жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып, еңбек етіп жатырмыз. Егемендік еліміз жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда», - деді ҚР Президенті.