Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық басылым күнімен құттықтады

0
183

Қазақ басылымдары әрдайым халықтың үні, төл руханиятымыздың берік қорғаны саналған.


Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық басылым күнімен құттықтады

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық басылым күнімен құттықтады, деп жазады Ақорда.

"Бұл мереке – елімізді өркендету және мемлекеттігімізді нығайту жолында еңбек етіп жүрген баспасөз өкілдеріне деген шынайы құрметтің белгісі. Қазақ басылымдары әрдайым халықтың үні, төл руханиятымыздың берік қорғаны саналған. Біз оның бай тарихын, ағартушылық дәстүрін мақтан тұтамыз. Газет-журналдарымыз ұлттық сана-сезімді дамыту ісінде айрықша рөл атқарады. Зиялы қауым өкілдері қоғамдағы көкейкесті мәселелерге қатысты ой-пікірін, негізінен, мерзімді баспасөз арқылы білдіреді", - деді президент.

Тоқаев елімізде түрлі кезеңде жарық көрген басылымдар қашанда ұлт мүддесіне адал қызмет еткенін айтты.


"Аға буынның сара жолын қазіргі кәсіби журналистер лайықты жалғастырып келеді. Олар шынайы ақпарат таратып, жалпыұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға белсене атсалысып жүр. Газет-журналдарымыз алдағы уақытта да жасампаз бастамаларды жүзеге асыруға, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға және ел бірлігін нығайтуға зор үлес қоса береді деп сенемін", - деген мемлекет басшысы баршаға шығармашылық шабыт, бақ-береке тіледі.