Toyota мінген Қостанай облысының бас имамы Бурабайдағы түнгі клубта ұсталды

0
850

Сот имамды 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.


Toyota мінген Қостанай облысының бас имамы Бурабайдағы түнгі клубта ұсталды

ERNUR.KZ. Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет Бурабайда мас күйінде көлік жүргізген жерінен ұсталып, он бес тәулікке қамауға алынды. Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі ақпаратты растады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Анықталғандай, оқиға 23 шілде күні түнгі сағат үште болған. 777DPA10 нөмірлі Toyota Highlander мінген бас имам Бурабай кентіндегі түнгі клубтың жанынан мас күйінде ұсталды. Сот отырысында Тәжімбет ішімдік ұрттағанын мойындамаған, қымыз ғана іштім деп ақталған. Алайда медициналық куәландыру мешіт қызметкерінің алкоголь ішкенін растады.

Сот шешімімен Қостанай облысының бас имамы кінәлі деп танылып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бұған қоса ол он бес тәулігін темір торда өткізеді.

«Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылсын, оған осы бап бойынша 15 тәулікке қамаққа алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалсын», – делінген сот қаулысында.

Мас болғанына қарамастан көлік рөліне отырған қостанайлық бас имам туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан да сұрадық. Алайда мүфтияттың баспасөз қызметінен әлі жауап жоқ. Күте тұрыңыздар деп өтінді. Есесіне ҚМДБ ресми сайтындағы «Облыс Бас имамдары» деген бөлімнен Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет туралы ақпаратты өшіріп үлгерген. 20 өңірдің 19-ы бойынша ғана мәлімет бар.