Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы вакциналау курсы толық аяқталғаннан кейін араға 6-9 ай салып қосымша дозаны алуды ұсынды.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі халықты иммундау жөніндегі консультативтік комиссиямен бірлесіп азаматтарды коронавирус инфекциясына қарсы қайта вакциналау тәсілдерін әзірледі, деп жазады sputnik.kz.
Бұл мәселе ведомствоаралық комиссияның отырысына енгізілді, деп хабарлады денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
"Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаудың толық курсы аяқталғаннан кейін 6-9 айдан соң қосымша дозаны алу ұсынылады", - дейді Цой.
Ревакциналау 2021 жылдың қарашасының үшінші онкүндігінде басталады деп жоспарланып отыр.
Министр ревакциналау кезінде кімге қандай вакцинаны егуге болатынын түсіндірді:
- векторлық (Спутник) вакцинаны салдырғандар тоғыз айдан кейін инактивтелген (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе м-РНҚ (Pfizer) вакцинасын қосымша салдыра алады;
- инактивтелген (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) вакциналарын салдырғандарға алты айдан кейін векторлық (Спутник) немесе м-РНҚ (Pfizer) вакцинасын қайта алуға болады;
- м-РНҚ (Pfizer) вакцинасын алғандар алты айдан кейін инактивтелген (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе векторлық (Спутник) вакцинасын қайта салдыра алады;
- вакциналау курсы аяқталғаннан кейін коронавируспен ауырғандар жазылғаннан кейін үш айдан соң қайта вакциналаудан өтеді.
Ревакциналаудан кімдер өту қажет
- тәуекел топтары (медицина қызметкерлері, педагогтар, жергілікті өзін-өзі басқару және жабық мекемелердің персоналы мен контингенті, күш құрылымдарының қызметкерлері);
- 60 жастан асқан адамдар;
- зерттеуден өз бетінше өткен және коронавирусқа қарсы антиденелерге тест нәтижесі теріс болған адамдар.