​Түлектерге ҰБТ-мен қатар халықаралық тест тапсыру мүмкіндігі беріледі — Саясат Нұрбек

0
137

Бұл ретте ҰБТ форматы бір жылда өзгеріп кетпейді. Келер 2026 жылы ешбір өзгеріс болмайды.


​Түлектерге ҰБТ-мен қатар халықаралық тест тапсыру мүмкіндігі беріледі — Саясат Нұрбек

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Елімізде ҰБТ-ның үлкен реформадан өтетін кезеңі келді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек JJ Studio подкастында айтты, деп жазады inform.kz.

Министрдің айтуынша, 25 жылға жуық уақытта ҰБТ өз мақсатын атқарды.

— Ұлттық бірыңғай тестілеу жемқорлықты азайтты, ашықтық принциптерін енгізді, біртұтас электронды жүйе қалыптастырды. Бірақ қазіргі уақытта елімізде шетелдік университеттер ашылып жатыр, біздің азаматтарымыз сол шетелдік ЖОО-ларға түскісі келеді. Сондықтан біз Президенттің АҚШ-қа сапары аясында Вашингтонда ETS деп аталатын дүниежүзіндегі ең мықты тест жасайтын компаниямен үзақ мерзімді келісімшартқа қол қойдық, — деді Ғылым министрі.
Бұл ретте ҰБТ форматы бір жылда өзгеріп кетпейді. Келер 2026 жылы ешбір өзгеріс болмайды.
— Бұл өте жауапты жоба. Жаңа тестті жасақтаудың өзі 1-2 жыл уақыт алады. Бірақ біздің мақсатымыз — ҰБТ-мен қатар халықаралық тест жасап, Қазақстанға енгізу. Яғни біздің талапкерлерде таңдау болады: ҰБТ тапсырып, қазақстандық отандық университетке түсе алады немесе жаңа тестті тапсыру арқылы Қазақстанда ашылған шетелдік 40 филиалға және кез келген шетелдік университетке түсу мүмкіндігі болады, — деді Саясат Нұрбек.
Сала министрі Қазақстанның жоғары білімін толыққанды әлемдік стандарттармен сәйкестендіруді көздеп отырғанын жеткізді.
— Яғни бізден шыққан диплом әлемде танылады, бізде ҰБТ тапсырған адам әлемнің университеттеріне түсе алады. Бұл өте үлкен қадам және біздің жергілікті университеттерімізге де үлкен бәсеке. Бұған дейін өзіміздің кішкентай көлімізде жүзіп жүрдік, енді әлемдік мұхитқа толық қосыламыз, — деді С. Нұрбек.