Түрмелер камерамен бақыланады: Тұрғымбаев қазақстандық полиция қалай өзгеретінін айтты

0
1 200

Министрдің айтуынша, соңғы үш жыл ішінде саладағы сыбайлас жемқорлық қылмыс саны 33 процентке қысқарған.


Түрмелер камерамен бақыланады: Тұрғымбаев қазақстандық полиция қалай өзгеретінін айтты

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құқық қорғау саласындағы реформаға тоқталды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Министрлік қарапайым азаматтарға қамқор болып, олардың мәселесін шешу үшін учаскелік инспекторлардың рөлін күшейтпек.

"Президент атап көрсеткендей, учаскелік полиция халықтың арасында жүруі тиіс. Ол үшін штат санын нығайту, материалдық-техникалық жағынан күшейту, учаскелік пунктермен қамтамасыз ету қажет. Сосын олардың мәртебесін заңмен бекіткен дұрыс", – деді Тұрғымбаев үкімет отырысында.

Айтуынша, республикадағы 2 800 учаскелік полиция пунктінің тең жартысы жөндеуді қажет етеді.
Қосымша 279 учаскелік пункт салынып, қызметтік автокөлік сатып алынады.

"Түрмелер мен ғимараттарға бейнебақылау енгізуді бастаймыз. Қазір біз олардың санын және техникалық жағдайын есептеуге кірістік", – деді министр.

Тұрғымбаев ведомство сыбайлас жемқорлық бойынша да тиісті шаралар қабылдап жатқанын тілге тиек етті. Ішкі істер министрлігі агенттік және азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп, үшжақты жоспар әзірлеген.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 33%-ке қысқарды.

Президент тапсырмасы қалай орындалады
Тұрғымбаев президенттің төтенше жағдайлар министрлігін қайта құруға қатысты берген тапсырмасы қалай орындалатынын айтты.

"Материалдық заттарды беру және кадр мәселесін шешу үшін тиісті комиссия құрылады. Содан соң, республикалық бюджетке нақтылауға ұсыныс жасалады", – деді министр.

Айта кетейік, 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Қазақстанда құқық қорғау органдарының үш буынды моделін енгізуді тапсырған болатын.
Президент полицейлерді адамдармен ашық диалог жүргізуге үйрету маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, пенитенциарлық мекемелерге, полицияның қызметтік нысандарына бейнебақылау орнатуды тапсырды.