ҰБТ-да Тұрсынбек Қабатовтың қызының орнына басқа адамды кіргізген репетитор бір жылға сотталды

0
892

Оған жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу бабы бойынша жаза қолданылды.


ҰБТ-да Тұрсынбек Қабатовтың қызының орнына басқа адамды кіргізген репетитор бір жылға сотталды

ERNUR.KZ. Биылғы ҰБТ-да тест тапсыру залына Тұрсынбек Қабатовтың қызының орнына бөтен біреуді кіргізіп, жалған құжат жасаған репетиторға қатысты сот үкімі шықты. Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының №2 аудандық сотында «Центр образования 140+1» ЖК басшысы Қанай Нұрбек Жұмаханұлына құжаттарды қолдан жасау фактісі бойынша айып тағылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Қылмыстық қудалау органы Қанай Н. құжаттарды қолдан жасады деп айыпталды. 2021 жылғы 12 тамызда мектеп оқушыларының ҰБТ бойынша жоғары балл алуы және білім беру орталығының оң имиджін қалыптастыру мақсатында арнайы техниканы пайдалана отырып, 4 мектеп түлегінің жеке куәліктеріндегі фотосуреттерін орталықтағы ҰБТ-ға дайындайтын мамандардың фотосуреттерімен алмастырды», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, құжаттарды жасау үшін пайдаланылған техникамен, қолдан жасалған құжаттармен, жеке куәліктердегі фотосуреттерді ауыстыру туралы сот-техникалық сараптама қорытындыларымен және сотталушының мойындау айғақтарымен дәлелденді.

Өз кезегінде прокурор Нұрбек Қанайға оның мінез-құлқына пробациялық бақылау белгілеп, бір жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Айта кетейік, ҚР ҚК-нің 385-бабының 1-бөлігі (жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу) бойынша 2 000 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Сот сотталушының жасаған әрекеті үшін өкінетінін ескеріп, жағдайды ушықтыратын себеп болмағандықтан қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдетті.

«Сот Нұрбек Қанайға оның мінез-құлқына пробациялық бақылау белгілеп, бір жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.