Үкімет басшысы: Санитарлық қауіпсіздік қатаң сақталса, карантин режимі жеңілдетіледі

0
849

ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмысын бастайтын кәсіпкерлік субъектілердің тізімін бекітті.


Үкімет басшысы: Санитарлық қауіпсіздік қатаң сақталса, карантин режимі жеңілдетіледі

ERNUR.KZ. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантиндік режимге өзгерістер енгізу және біртіндеп жеңілдету туралы тиісті шешімдер қабылданады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

«20 сәуірден бастап, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантиндік режим жеңілдетілді. Санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, экономиканың бірқатар саласындағы кәсіпорындар жұмысын бастады. Соның ішінде құрылыс, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындар. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантиндік режимге өзгерістер енгізу және біртіндеп жеңілдету туралы тиісті шешім қабылданатын болады. Басқа да кәсіпорындар мен бизнес субъектілеріне жұмысын жалғастыруға рұқсат берілетін болады. Мұндай жұмыс еліміздің басқа да өңірлерінде жүргізіледі. Дегенмен, бұл санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік қатаң сақталған жағдайда ғана мүмкін болады. Елжан Амантайұлы (ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов - ред.), мәселені қатаң бақылауда ұстаңыз», - деді Премьер-Министр Үкіметтің онлайн отырысында.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмысын бастайтын кәсіпкерлік субъектілердің тізімін бекітті.

Тізімде өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылыс және жол-құрылыс салаларының компаниялары, ірі құрылыс дүкендері, көлік, қойма компаниялары, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік компаниялар, автосалондар, ТҚС, автожуу, дөңгелек ауыстыру сервисі, автобөлшектер дүкендері, химиялық тазалау, кеңсе техникасын жөндеу және екінші деңгейлі банктер бар.