Әкімдіктер қысқа мерзімде қосымша инфекциялық стационарлар ұйымдастырып, қажетті медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек сатып алуы тиіс.
ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Атырау облысында індеттің өршуіне байланысты қосымша шектеу шараларын қабылдауды тапсырды, деп жазады sputniknews.kz.
Үкіметте вице-премьер Ералы Тоғжановтың төрағалығымен COVID-19 мәселелері жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.
Жедел штаб Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды жеке-жеке қарады.
Денсаулық сақтау министрлігі әр өңір бойынша проблемаларды баяндап, қазіргі жағдайды жақсартуға қатысты нақты шаралар әзірледі.
Жедел штаб Атырау облысында COVID-19 жұқтырғандардың көбеюіне байланысты санитариялық-эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітпейтінін атап өтті.
"Осыған байланысты Ералы Тоғжанов Атырау облысының әкімдігіне жағдайды жақсарту бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды, оның ішінде қосымша шектеу шараларын қолдану туралы тапсырма берді",- деп мәлімдеді үкімет басшысының баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, вице-премьер өңірлер әкімдігіне карантиннің сақталуын бақылауды, қысқа мерзімде қосымша инфекциялық стационарлар ұйымдастыруды, қажетті медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек сатып алуды, ПТР тест жасайтын зертханалардың қуатын арттыруды тапсырды.
"Әр өңірдегі жағдай жедел штабтың ерекше бақылауында болады. Біз жұмысты күнделікті негізде республикалық және өңірлік ауқымда тыңдап, нақты жедел шаралар қабылдай отырып жалғастырамыз", -деді Тоғжанов.
Бұдан бөлек, отырыста елде шұғыл шешімді талап ететін мына мәселелер қаралды:
- өңірлерге дәрі-дәрмекті жедел жеткізу үшін қажетті нормативтік-құқықтық база қабылдау;
- қосымша 1600 жасанды тыныс алдырту аппаратын, жедел жәрдем қызметіне 800 санитарлық автокөлік, сондай-ақ, сұранысқа ие дәрілік препараттар (парацетамол, азитромицин, цефтриаксон, осельтамивир және басқалар) сатып алу, олар осы аптаның соңына дейін жеткізіледі деп күтілуде;
- коронавируспен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуді жалғастыру.