Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның даму банкін сынға алып, "достарына жағдай жасайтын банк" деп атаған.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қызметін реформалау мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Реформалау аясында ҚДБ еліміз үшін стратегиялық және экономикалық маңызы бар, өтелу мерзімі ұзақ ауқымды әрі капиталды көп қажет ететін инвестициялық жобаларды, сондай-ақ индустриялық өндірістерді қаржыландыруға көбірек бағдарланады деп жоспарланып отыр.
«ҚДБ жаңа өндіріс орындарын құру жобаларын қаржыландыруға маңыз беруі тиіс. Қызметтің ашықтығын арттыру, бизнес-процестерді оңтайландыру мен цифрландыру және Банк қызметтерінің қолжетімділігін кеңейту жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет», — деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайылов.