ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Ұлттық тауарлар каталогында (ҰТК) 24 млн-ға жуық тауар тіркелген.
ERNUR.KZ. Мұндай ауқымды деректер көлемі қысқа мерзім ішіндегі жоғары өсім қарқынын көрсетеді. Бұл процеске бизнестің белсенді қатысып жатқаны байқалады. Жүйеге ескертулер мен ұсыныстар қамтылған көптеген өтініш түсіп жатыр. Олардың барлығы түсу ретіне қарай қарастырылады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында «ЭҚО» АҚ Мастер-деректерді басқару департаментінің директоры Молдабай Наурызхан мәлімдеді.
Жалпы, жүйені жетілдіру бойынша жұмыстар белсенді форматта жүргізілуде. «Атамекен» ҰКП алаңында, сондай-ақ мемлекеттік органдарда нарық қатысушыларының ұсыныстары мен ескертулерін жинау мақсатында тұрақты түрде кездесулер өткізіледі. Солардың негізінде жүйені пысықтау және модификациялау жұмыстары жүзеге асырылады.
Сонымен қатар жүйе әлі де тәжірибелік пайдалану режимінде жұмыс істеп жатыр, әзірге пайдаланушылар күтпеген кейбір сәйкессіздіктердің болуы мүмкін. Наурызхан Молдабай бұл кезең-кезеңімен баптауды қажет ететін үлкен жүйе екенін атап өтті.
Әзірлеушілер кері байланысқа әрдайым ашық: түскен барлық ұсыныс пен сұраныстар қаралып, алдағы жұмыста ескеріледі.
«Техникалық жағынан келетін болсақ, мемлекеттік жүйелермен интеграциялау жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Сондай-ақ біз өз деректерін ҰТК-ға жүктеп жатқан басқа сала өкілдерінен ақпарат алуды жалғастырамыз. Модерация және деректерді өңдеу арқылы бәрін тексереміз, тазалаймыз және каталогқа енгіземіз. Әрі қарай бұл мәліметтер осы деректерді пайдаланатын басқа да дереккөздерге интеграциялық сервистер арқылы жүктеледі», – деп толықтырды спикер.


