Ұлттық ұлан академиясының курсанттары жаппай қызылшамен ауырып жатыр

0
543

Маманның айтуынша, аурудың салдары жаман, асқынған жағдайда адамның құлағы бітіп, миы қабынуына, өкпе ауруларына әкеледі.


Ұлттық ұлан академиясының курсанттары жаппай қызылшамен ауырып жатыр

ERNUR.KZ. Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұланы академиясының курсанттары қызылша жұқтырып ауырып жатыр. Бүгінде сырқаттар саны 15-ке жетті, деп жазады Kazinform.

Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясында бұған дейін курсанттардың біреуі қызылшамен ауырған.

Кейін ол басқаларына жұға бастаған.

«Бүгінде ауырғандар саны 15-ке жетіп отыр. Әлі де инфекцияны жұқтыруы мүмкін күдіктілер бар. Осындай ауру ошағы анықталған жағдайда 72 сағат ішінде күнтізбеге сәйкес егілді деген құжаты тексеріледі, болмаған жағдайда біз ол адамдарға қосымша екпе саламыз. Бүгінгі таңда бұл оқу орнында осындай шаралар қолға алынды, оған қоса медициналық қызметкерлер қатынаста болған адамдарды бақылауға алды», - дейді Әсет Жұматаев.

Маманның айтуынша, аурудың салдары жаман, асқынған жағдайда адамның құлағы бітіп, миы қабынуына, өкпе ауруларына әкеледі.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жөн. Бүгінгі таңда алдын алудың бірден-бір сенімді жолы - вакцинация. Қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін қосымша екпе жүргізуге шешім қабылданды. Бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысына сәйкес 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамық және паротитке қарсы жаппай иммундау жүріп жатыр. Облыста қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау барысында егілуге тиіс жоспардан 6,3% немесе 1661 бала егілді», - дейді Әсет Жұматаев.