ҰЛТТЫҚ ЖОБА бойынша Абай облысында атқарылатын жұмыс көп

0
429

Жаңадан құрылған өңірді дамыту оңай емес, бірақ бұл жұмыстар Президенттің жіті бақылауында.


ҰЛТТЫҚ ЖОБА бойынша Абай облысында атқарылатын жұмыс көп

Елімізде аймақтарды дамытып, тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынған. Бірнеше министрлік бірлесе дайындаған жобаның негізгі мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру.

Базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұратын жобаның алғашқы бағыты бойынша ел азаматтарын тұрғын үймен қамту, коммуналдық секторды, жалпы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары атқарылатын болып жоспарланған. Атап өтсек, бас жоспарда мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу үшін бюджеттік несие беру, 16 мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған.

«Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді. Елдімекендердегі жолдардың барлығының сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліп, үш жарым мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы жақсарады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде белгілі санаттара жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйге кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары атқарылады. 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтылады» - делінген ұлттық жобаның төлқұжатында.

Тиісінше, қазіргі уақытта ел бюджетінен қаржы бөлініп, жоспарланған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңадан құрылған Абай облысында да ұлттық жобаның іске асырылып жатқаны байқалады. Бұл туралы өңір тұрғындарымен кездескен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да айтқан болатын. Президент облыс орталығы – Семейдің халықаралық транзиттік сауданың маңызды орталығы болғанына назар аударып, бүгінде облыс Ресей және Қытаймен шектесіп жатқанын атап өткен.

«Осы орасан зор көлік-логистикалық, сауда-экономикалық әлеуетті толық пайдалану қажет. Болашақта Семей өзіне Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларымен қатар еңбек адамдарын, инновация мен инвестиция тарта отырып, еліміздің қарқынды дамуына үлес қосатын шаһарға айналады деп санаймын. Абай облысы еліміздің дамуына серпін беретін қуатты аймақ боларына сенемін. Біз қайта шаңырақ көтерген облыстың көркеюі үшін барлық жағдайды жасаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


МЕКТЕП ЖӘНЕ БАЛАБАҚША

Сондай-ақ, Президент Абай өңірін дамытудың басым бағыттары мен өзекті мәселелеріне тоқталған. Мемлекет басшысының айтуынша, Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді екен. Алдағы уақытта бұл мәселені шешу үшін 11 мектеп пен 14 балабақша салу жоспарланып отыр. Алайда мұның өзі жеткіліксіз көрінеді. Сондықтан, Қ.Тоқаев Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырды.


«Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бекітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Біз бұған дейін «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік. «Әліппені» қайтардық. Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгерістер бар. Осындай игі шаралар арқылы біз қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз. Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады. Семей білім беру саласында көш басында жүруі қажет. Батыстың озық университеттерінің бірі Семейде өз филиалын ашса немесе Семейдің жоғары оқу орнымен байланыс орнатса, жақсы болар еді», – деді Мемлекет басшысы.


МЕДИЦИНАЛЫҚ ТІРЕК

Аай облысының орталығы – Семей қаласында еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқанын білеміз. Тиісінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана да салынбақ. Сонымен бірге, өз тапсырмасы бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілгенін айтқан Президент өңірде балаларды оңалту орталығы салынып жатқаны, ұлттық жоба аясында аймақта 65 медициналық нысан салынатынын және ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды оңалту мәселесіне баса мән берілетінін жеткізді.


ӨНЕРКӘСІП және ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Мемлекет басшысының пікірінше, Семей заман талабына сай, ыңғайлы қалаға айналуға тиіс. Сондықтан облыс орталығы өнеркәсіптер мен көліктерге емес, қала тұрғындарына қолайлы мекенге айналуы қажет. Яғни, Семейді дамыту жұмысын жоспарлаған кезде жоғары стандарттарға сай тың урбанистикалық тұжырым дайындалып, әсіресе, «жасыл қала» идеясына ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, жақыын арада тозығы жеткен инфрақұрылым, Жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтардың ауаны шектен тыс ластауы сында мәселелер түпкілікті шешілмек.



ТРАНСПОРТ ЖОЛДАРЫ

Абай облысы әлемдегі алпауыт елдер – Ресей және Қытаймен шектесіп жатыр. Ал, бұл географиялық жағдайды ұтымды пайдалану үшін транспорт жолдары сапалы әрі қауіпсіз болуы қажет. Тиісінше, еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салынып, көлік дәлізін дамытуға көңіл бөлінеді. Халықаралық маңызы бар күре жол да Семей арқылы өтетіндіктен, ең алдымен қаладағы екі көпір жөнделеді.


АГРОСЕКТОРДА АТҚАРЫЛАТЫН ЖҰМЫСТАР

Мемлекет басшысы Абай облысының аграрлық аймақ екеніне де ерекше назар аударып отыр. Себебі, бір кездері Семей өңірі бүкіл республикаға, тіпті, алыс-жақын шетелдерге ет, сүт, тері, жүн және басқа да өнімдер экспорттаған. Облыстың осы әлеуеті қалпына келтіріліп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жұмысы жанданбақ. Өңірдегі тағы бір өзекті мәселе – бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп, қазірдің өзінде 200 мың гектар жер анықталса, соның 62 мың гектары мемлекетке қайтарылған.

Сондай-ақ, өңірдің жер қойнауы полигонның кесірінен көптеген жылдар бойы игерілмеген. Сол себепті облыс аумағында ауқымды геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Президенттің пікірінше, өңірден қазба байлықтар табылып, тау-кен өнеркәсібі облыс экономикасын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.


ЭКОЛОГИЯ

Абай облысының күрделі экологиясы халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер етіп отырғаны да мемлекет басшылығының назарында. Өйткені, Семей полигонындағы ядролық сынақтардан кейін жүздеген мың гектар жерге залал келген. Сонымен қатар, Ертіс өзенінің ластануы мен шоққарағайды сақтау мәселелері де үнемі назарда болады.


«Түрлі экологиялық бастамаларды жүзеге асыру үшін біз тұтас қоғам болып жұмылуымыз қажет. Халықаралық стандартқа және экологиялық нормаларға сай келетін қоқыс жинайтын жаңа полигон салу керек. Бұл жұмыс облыс әкімінің жеке бақылауында болуға тиіс. Энергетика министрлігі Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасын әзірледі. Биылғы сәуір айында бұл жобаны Мәжіліс мақұлдады. Енді оны тезірек қабылдап, таза жерді ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға беру керек», – деді Президент өз сөзінде.



КЕШЕНДІ ЖОСПАР ӘЗІРЛЕНЕДІ

Өз сөзінде жаңа облыс құру оңай болмайтынын айтқан Президент барлық саланы дамыту үшін жан-жақты және мұқият ойластырылған жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды.


«Үкіметке жақын арада Абай облысын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Келешекте облыс өзін-өзі толыққанды қамтамасыз ете алатын, өркендеген аймаққа айналуға тиіс. Қасіретке шалдықса да, қасиетін жоғалтпаған өлкені барынша дамыту – ортақ парыз. Бұл менің Президент ретіндегі парызым деп айтсам, артық емес. Осы орайда, бір мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Шын мәнінде, ұлтты жаңғыртудың негізі саясат пен экономикадан гөрі білім мен мәдениетте жатыр деуге болады. Семей өткен ғасырдың басында қазақтың рухани астанасы саналған. Абай бастап, Алаш арыстары жалғаған ұлы жол ұлтымызды есейтіп, мүлде жаңа деңгейге көтерді. Олар қазақтың болашағы қандай болуы керектігін айқындап берді», – деді Мемлекет басшысы.


ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР

Қазіргі Абай облысын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап өтсек:


• Семей қаласында 455 мың шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр. Бұл көппәтерлі, несиелік, жалға берілетін және коммерциялық үйлерді қаржыландыру көздері ЖТҚ есебінен болып отыр. 2022 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Мәселен, Абай облысында Республика күні қарсаңында Семей қаласындағы «Қарағайлы» шағын ауданынан 64 отбасыға көпқабатты тұрғын үй пәтерінің кілті табысталды. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жаңа пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтап, құрылыс қарқыны өсе түсетінін атап өтті.

• Семейдің оң жағалау бөлігінде бекітілген бас жоспарға сәйкес, «Қарағайлы» тұрғын алабының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Ол бойынша алдағы уақытта 35 мыңнан астаи адам тұратын 227 тұрғын үй салынады. Қазірде аудан су құбыры, канализация, телекоммуникация, жылу және электр энергиясының магистральдық желілерімен қамтамасыз етілген. Шағын ауданда зияткерлік мектеп, 320 орындық балабақша, 5600 орындық «Арена» мәдени-спорттық кешені орналасқан. Бүгінгі таңда жалпы ауданы 253,4 мың шаршы метрді құрайтын 41 үй пайдалануға берілген.


• 2026 жылға дейін Абай облысында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 2100 орынға арналған 9 балабақша ашылады. Сонымен қатар, "Жайлы мектеп" пилоттық ұлттық жобасы аясында 5 700 орынға арналған 11 жаңа мектеп салу жоспарлануда.


• Семей қаласы мен Үржар ауданының жас тұрғындары үшін облыс әкімдігі мен "Тең мүмкіндіктер әлемі" қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, оның аясында Үржар ауданында "Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" КММ базасында және "Семей қаласының экономикалық лицейі" базасында бочча спортының паралимпиадалық түрі бойынша спорт секциялары ұйымдастырылады. Ол жерде тіпті тірек-қимыл аппараты ауыр зақымданған балалар мен жастар спортпен шұғылдана алады. Сондай-ақ, орталықтың қабырғасында психикалық кемістігі бар балаларға арналған бейімделген футбол және инклюзивті хореография бойынша тегін секцияларды ұйымдастыру мақсатында "Жарқын болашақ" даму орталығымен ынтымақтастық туралы меморандум жасауды жоспарлап отыр. Әр секцияда жаттығулар аптасына екі рет өтеді, әр топ 10 баладан тұрады. Жыл бойғы жаттығулар балаларға физикалық және психикалық денсаулықты жақсартуға, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және әлеуметтік оқшаулануды жеңуге мүмкіндік береді.

• Абай облысында 2023-ші жылы 4 спорттық мекеме ашу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда облыста бұқаралық спорт түрлері бойынша 1 жоғары спорттық шеберлік мектебі және 13 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Ондағы 128 секцияда жалпы саны 13 441 спортшы тәрбиеленеді. Семей, Курчатов қалалары және барлық аудандардағы жалпы білім беретін орта мектептердегі 1955 секцияда 37837 оқушы түрлі спортпен шұғылданады. Сонымен қатар, мектептерде спортқа бейімі бар балаларға арналған спорт сыныптарын ашу жоспарланып отыр. Бұл үшін алдымен сауалнама жүргізу арқылы оқушылардың ең көп қызығатын спорт түрлерін анықтайтын болады. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023-ші жылы Көкбай, Таскескен және Ақсуат ауылдарында 3 спорттық нысан салынбақ. Сондай-ақ спортпен шұғылданушылар санын арттыру мақсатында Семей қаласының сол жағалауында көпсалалы спорт кешенін салып, оң жағалауда аспалы көпір астындағы спорттық алаңды абаттандыру жоспарланып отыр.


Жалпы, Абай облысы жаңдан құрылғандықтан, алдағы уақытта да өңірді жан-жақты дамыту жұмыстарына айрықша көңіл бөлінеді. Яғни, облыста «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен көптеген істер атқарылады деген сөз.

ERNUR.KZ