​НЕКЕГЕ ДЕЙІН жігіт орындауы тиіс 5 МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

0
224

Бұл – нағыз жауапты, есейген еркектің қадамы.


​НЕКЕГЕ ДЕЙІН жігіт орындауы тиіс 5 МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Фото: pexels.com

Неке – тек махаббат емес, ол – үлкен жауапкершілік пен жаңа өмірдің бастауы. Ер адам – отбасының тірегі болғандықтан, үйленер алдында өзін жан-жақты дайындауы маңызды. Қалай?



1. Өзіңе шынайы сұрақтар қой

Өзіңе сұрақтар қойып, оған жауап беру психологияда “психологиялық жетілу” деп аталады. Немесе өз өміріне жауапкершілік алу десек те болады. Сонымен жігіт некеге дейін мына сұрақтарға ашық әрі шынайы жауап беруі қажет:

  • Мен үйленуге шынымен дайынмын ба?
  • Жарымның және болашақ балаларымның тағдырына жауапкершілік алу деген не?
  • Үйленбей тұрып нені білуім керек және неден арылуым қажет?
  • Қандай әдеттерімді түзетуім тиіс?

Бұл сұрақтар өз мақсаттарың мен міндеттеріңді анықтауға жәрдемдеседі. Жауапты ойша беріп қана қоймай, қағазға жазып шық. Жазбаша жауап санаңды жинақтап, ішкі дайындығыңды айқын көруге көмектеседі.
Егер тек «ғашықпын» деген сезіммен үйлене салсаң, үйленгеннен кейін отбасылық шығындар, баланың күтімі, әйелінің көңіл-күйі сияқты мәселелермен бетпе-бет келгенде күйзеліске түсуің мүмкін. Ал алдын ала өзіңе сұрақтар қойып, жауап бере алсаң, қиындықты сабырмен еңсере алады.


2. Материалдық дайындық

Неке – жүректің ғана емес, ақылдың да шешімі. Ер адам мына мәселелерді алдын ала ойластырып шешкені жөн.

Жұмысқа орналасу: Тұрақты табыс көзі болмаса, отбасылық өмірде қиындық туындайды. Сондықтан анда-санда аванспен алдайтын жалдамалы жұмыс емес, тұрақты табысы бар жұмыс тап.

Екі бөлмелі времянка болса да өз баспанаң болсын. Жоқ па, тұрғын үй кезегіне тұр. "Отбасы банкіне" барып депозит ашып, ай сайын тұрақты түрде толықтырып отыр. Бір бөлмелі пәтердің алғашқы жарнасын жинау, ипотекаға баспана алу қазір соншалықты қиын шаруа емес.

Егер баспана алуға мүмкіндік болмаса, үйленгеннен соң қайда тұратыныңды анықта: Ата-анаңның үйінде немесе қаладағы аға-жеңгеңнің қолында. Егер пәтер жалдап тұратын болсаң, алдын ала алты айдың пәтерақысын жина.

Бұл қадамдар қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ерлі-зайыптылар арасындағы ұсақ-түйек кикілжіңдерді азайтады.


3. Мінез бен әдеттерді түзе

Некеге дейін өз мінезіңді, әдеттеріңді талдап, қажет болса, психологпен кеңес. Өйткені мінезің – сенің тағдырың, ал әдеттерің мінезіңе айналады.

Мәселен, ашуланшақтық немесе тұйық мінез, қырсықтық некеде қиындық тудыруы мүмкін. Өзіңді тәрбиеле, эмоцияңды басқаруды үйрен.

  • Егер кешкі ас дайын болмаса, қалай әрекет етесің?
  • Жұбайың келісімсіз бір шешім қабылдаса, не істейсің?

Осындай қарапайым мысалдар болашақ қарым-қатынасыңды анықтайды. Кез келген мәселені сабырмен, ашық сөйлесіп, бірге шешуді үйрен. Зиянды әдеттерің болса (темекі, алкоголь, түнде қыдыру, ойын ойнау, ақшаны есепсіз жұмсау, әркімнің сөзіне еру т.б.), арылуға тырыс.


4. Медициналық тексеруден өт

Үйленгеннен кейін бала күту – заңдылық. Дені сау ұрпақ үшін және өзіңе сенімді болу үшін некеге дейін мына тексерулерден өт. Бұл тексерулерге небәрі екі-үш-ақ күн кетеді.

  • Жалпы талдаулар: Қан және зәр анализі.
  • Жыныстық жолмен берілетін аурулар: ВИЧ, мерез, гепатит (В, С).
  • Қан тобы мен резус-фактор: Бала көтеру кезінде маңызды.
  • Урологқа тексерілу: Ер адамның репродуктивті денсаулығын анықтау.
  • Жалпы терапевт қарауы: Созылмалы ауруларды анықтау.

Мысал: Кейбір ерлі-зайыптылар бала сүйе алмай, жылдар бойы қиналады. Кейін тексерілу кезінде денсаулықта ақау бар екені анықталады. Егер некеге дейін тексерілсе, мәселені ерте шешуге болады.


5. Рухани және психологиялық дайындық

Материалдық пен медициналық дайындық жеткіліксіз. Отбасылық өмірге рухани әрі психологиялық тұрғыда да дайын болу қажет. Бұл тұрғыда жазылған кітап көп және интернетте электронды нұсқасын тегін жүктеп ала аласың.

Мысалы американдық психолог Джон Готтманның “Бақытты отбасылық өмірдің 7 қағидасы” кітабын оқуыңа болады. Кітапта некедегі тұрақтылық пен бақыттың негіздері түсіндіріледі.

Психолог Гэри Чепменнің жарды түсіну және оны бақытты етудің жолдарын үйрететін “Махаббаттың 5 тілі” кітабын да оқы. Егер қазақтілді авторларды іздесең, Мұрат Кенжебаевтың “Боямасыз махаббат” шығармасын оқып шық. Тым болмағанда отбасылық өмір, қарым-қатынас туралы бір психологиялық кітап оқып шыққаның дұрыс. Егер кітап оқуға мүмкіншілік болмаса, отбасылық өмір туралы подкаст көр. Сонымен қатар өзің қызыға қарайтын отбасылардан бақытының сырын сұра т.б.


Әрине, ешқандай дайындықсыз-ақ үйлене салуға болады. Бірақ нағыз ер азамат некеге дейін психологиялық, қаржылық, рухани және денсаулық тұрғысынан дайындалады. Бұл – нағыз жауапты, есейген еркектің қадамы.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Отбасында байқалмайтын, бірақ ҚҰНДЫ ӘДЕТТЕР

Мазасыздықтан ЖЫЛДАМ құтылудың 2 ЖОЛЫ