Ұлытау облысында ер адам сыныптасын бауыздап өлтірген

0
111

​Ішімдік ішіп отырған достар арасында жанжал шыққан.


Ұлытау облысында ер адам сыныптасын бауыздап өлтірген

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Ұлытау облысында сыныптасын өлтірді деген айыппен ер адамға қатысты сот отырысы өтті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оқиға 2025 жылдың қаңтар айында Жезқазғанда болған. Іс материалдарына сәйкес, бірге ішімдік ішіп отырған И. есімді азамат пен оның сыныптасы Г. арасында сөзталас туындаған. Ауызша жанжал төбелеске ұласқан.

Бірнеше жерден пышақ салған

Төбелес кезінде И. пышақ қолданған. Ағаш сапты пышақпен ол жәбірленушінің бетіне, мойнына, ішіне, арқасына және екі қолына бірнеше рет соққы жасаған. Ауыр жарақат салдарынан Г. оқиға орнында қаза тапқан.

Кінәсін мойындаған жоқ

Сот барысында айыпталушы И. өз кінәсін мойындамаған. Ол өзін ақтап алуды сұраған. Алайда, сотта жәбірленуші тараптың, куәгерлердің көрсетілімдері, сараптама қорытындылары және басқа да айғақтар оның кінәсін толық дәлелдеді.

«Сотталушы И. кінәсін мойындамаса да, оның қылмысы толық дәлелденді», – делінген сот хабарламасында.

Алқабилердің қатысуымен үкім шықты

Бұл іс алқабилердің қатысуымен қаралған. Сот үкім шығарған кезде не жеңілдететін, не ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сот алқабилердің айыптау үкімі негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша И.-ді кінәлі деп таныды. Оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Ол апелляциялық тәртіппен шағымдануға жатады.