2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы маңында Bek Air компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады.
ERNUR.KZ. Елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы (Қызметтегі əрекетсіздік) бойынша Азаматтық авиация комитетінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, деп жазады sputnik.kz.
Комитет қызметкерлері 2018 жылы Алматы қаласы əуе айлағына ұшуға жарамдылығы сертификатын заңсыз берген. Бұл Bek Air компаниясына тиесілі "Fokker-100" ұшағының апатқа ұшырауына əкеп соқты.
"Лауазымды адамдардың іс-əрекетіне түпкілікті баға тергеу қорытындысы бойынша беріледі", - делінген бас прокурор Берік Асыловтың депутаттық сауалға берген жауабында.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2021 жылғы қазан айында Азаматтық авиация комитетінің мамандары Алматы əуежайының ұшу жолағына зерттеу жүргізген. Нәтижесінде əуе айлағын пайдаланудың жарамдылығы нормадан ауытқығаны анықталды.
"Қазіргі уақытта аталған заңбұзушылықтар əуе айлағына жақын 23 тұрғын үй құрылысының орналасуына байланысты жойылмаған", - делінген жауапта.
Тексеріс қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтар жойылған жағдайда қолданылу мерзімі шектеулі (20.04.2023 жылға дейін) əуе айлағының жарамдылық сертификатын беру туралы шешім қабылданды.
Алматы түбіндегі ұшақ апаты
2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы маңында Bek Air компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай құлаған.
Апат салдарынан 13 адам, соның ішінде экипаж командирі, бірнеше күннен кейін екінші ұшқыш қаза тапты.
Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған.