Ұшаққа ұлттық аспаптарды кіргізуге рұқсат беріле ме – министр жауабы

0
766

Мұның алдында айтыскер ақын Айшолпан Тілеутайды Fly Arystan бортсеріктері домбырамен ұшаққа кіргізбей қойған еді.


Ұшаққа ұлттық аспаптарды кіргізуге рұқсат беріле ме – министр жауабы

ERNUR.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әуе компанияларымен ұшаққа ұлттық аспаптарды кіргізуге рұқсат беру мәселесін талқылап жатыр, деп жазады sputnik.kz.

Министр Марат Қарабаевтың айтуынша, әуе компаниялары көтеріп отырған негізгі мәселе – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
"Біз оларды (ұлттық аспаптарды) ұшаққа қосымша алып кіруге рұқсат береміз деп тұрмыз. Бірақ бұл жерде екі мәселе туындайды. Біріншісі – егер жолаушы жоғары жаққа қол жүгін қойса, домбыраны қоюға орын қалмай қалады. Екіншісі – жоғары жақтағы жүк қоятын жағына аспап сия ма? Әрине, домбыраның өзі сыяды, бірақ әр аспаптың өз қапшығы болады ғой", - дейді министр үкімет кулуарында.
Қарабаев қазір аталған мәселе әуе компанияларымен талқыланып жатқанын атап өтті. Индустрия министрлігі оң шешім қабылдауға үмітті.
"Нақты мына мерзімде шешім қабылданады деп айта алмаймыз. Өйткені бұл әуе компанияларымен, осындай аспаптарды алып жүретін адамдармен қосымша талқыланып жатыр. Оның нәтижесі біржақты болады деп қазір айту қиын. Ең бастысы – қауіпсіздікті қамтамасыз ету", - деді ведомство басшысы.
Алайда Қарабаев ұлттық аспаптарды ұшақ бортына кіргізуге қатысты шешім осы жылдың соңына дейін қабылданатынын атап өтті.
Еске салсақ бұған дейін мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ұшаққа домбыраны кіргізбегендерді сынап тастаған еді. Депутат министрліктен ұшаққа ұлттық аспаптарды кіргізу мәселесін шешіп беруді талап етті.
Мұның алдында айтыскер ақын Айшолпан Тілеутайды Fly Arystan бортсеріктері домбырамен ұшаққа кіргізбей қойған еді. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Кейін әуе компаниясы ережеге сәйкес, музыкалық аспапқа бөлек орын сатып алынады деп түсіндірді.