Депутат мүгедектерге берілетін пәтерлер 2018 жылы қабылданған жоспарлау стандарттарына сай болуы тиіс екенін атап өтті.
ERNUR.KZ. Соңғы үш жылда мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген пәтерлердің ешқайсысы қойылған талаптарға сай келмейді. Бұл туралы сенатор Нариман Төреғалиев мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Депутат мүгедектерге берілетін пәтерлер 2018 жылы қабылданған жоспарлау стандарттарына сай болуы тиіс екенін атап өтті. Мұндай тұрғын үй үшін есіктердің, балкондар мен лоджиялардың ерекше ені, дәретхана бөлмелері қажет. Алайда, одан бері жағдай өзгермеген.
Депутат айтқан статистикаға сәйкес, соңғы жылдары кезекте тұрғандар саны артып, берілетін пәтерлер саны азайып келеді.
«2017 жылы «Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар» және «Бірінші және екінші топтағы мүгедектер» санаттарында тұрғын үй алуға кезекте 53 968 адам тұр. Пәтер алғандардың үлесі бар болғаны бір жарым пайызды құрайды. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 23 пайызға артып, 66 193 адамға жетті. Пәтер алғандардың саны үш пайызға азайды», - деді Нариман Төреғалиев.
Осы кезекті қалыптастыру қағидаттарына сүйенсек, қазір мүгедектіктің үшінші тобындағы адамдар кезекке тұрмайды. Сенатор халықтың осы тобына мемлекеттен тұрғын үй кезегіне тұруға мүмкіндік беруді ұсынады.
Депутат мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен бірінші және екінші топтағы мүгедектер үшін тұрғын үй алу кезегін ілгерілетуді жеделдету үшін «Тұрғын үй құрылысы туралы» Заңға өзгерістер енгізуді; халықаралық құқық тәжірибесін зерделеуді; үшінші топтағы мүгедектерді халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар тізіміне қосуды ұсынды.
Ол жаңа тұрғын үйге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде жергілікті атқарушы органдар талаптарға сәйкес мүгедектерге арналған тұрғын үйді жоспарлауы қажет екенін айтты.