Вакцинаны қашан салдыру керек – қазақстандық профессор кеңес берді

0
567

​Локшиннің айтуынша, жүктілікті және экстракорпоральді ұрықтандыруды жоспарлап жүрген әйелдер вакцинаны алдын ала салдырып алғаны жөн.


Вакцинаны қашан салдыру керек – қазақстандық профессор кеңес берді

ERNUR.KZ. Қазақстанның бас репродуктологы, профессор Вячеслав Локшин жүктілікті және экстракорпоральді ұрықтандыруды жоспарлап жүрген әйелдерге кеңес берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Жүкті әйелдер COVID-19 жұқтырса, денсаулығы нашарлап кетеді. Пневмонияға шалдықса да, жүктілікке салмақ түседі. Сондықтан вакцинаны жүктілікке дейін салдырған дұрыс. Біз экстракорпоральді ұрықтандыруға дайындалып жүрген пациенттерге де екпенің екі дозасын алуға кеңес беріп отырамыз. Сөйтіп, бір айдан кейін ЭКО-ға келуге болады. Жүктілік те солай", - деді Локшин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Ғалымның айтуынша, бүгінде Канада, Израиль және тағы басқа бірқатар мемлекетте жүкті әйелдерге вакцина салына бастады. Ал клиникалық зерттеулер қатар жүргізіледі. Қазақстандағы вакциналар да бұрынғы әдістердің негізінде жасалған. Бірақ ол жүкті әйелдерге сыналмаған. Сол себепті жүкті әйелдерге екпе салынбайды. Алайда бүгінде жүкті екенін білмей қалған және екпе салдырған әйелдер бар.

"Өкінішке қарай, ондай адамдар бар. Олар бізге келіп, кеңес сұрайды. Вакцина салдырып қойсаңыз, жүктілікті тоқтатудың қажеті жоқ. Бүгінде скрининг бар. Тексеріс кезінде іштегі нәрестенің жағдайын бақылап отыруға болады. Сосын кейбір әйелдер симптомы аздау көрінген коронавируспен ауырып шықса да, дені сау баланы туып жатады. Инфекция болмайды. Сондықтан жүктілікті және экстракорпоральді ұрықтандыруды жоспарлап жүргендерге айтарым, вакцинаны алдын ала салдырып алыңыздар. Содан кейін ғана жүктілікті жоспарлаңыз", - деп атап өтті Локшин.

Осы орайда профессор былтырғы статистиканы еске салды. Айтуынша, коронавирустың салдарынан қайтыс болған аналар да тіркелген.