Wildberries-тегі жағдай: Сауда министрі кәсіпкерлерге кеңес берді

0
225

Сауда саласында жеткізілімнің кепілдігі мен сауда алаңына деген сенімнің маңызды.


Wildberries-тегі жағдай: Сауда министрі кәсіпкерлерге кеңес берді

Фото: baq.kz/ Олжас Адай

ERNUR.KZ. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Wildberries маркетплейсіндегі жағдайға қатысты пікір білдіріп, кәсіпкерлерді сауда алаңының сенімділігіне, тауарды жеткізу жылдамдығына және логистикалық тәуекелдерге мән беруге шақырды, деп жазады BAQ.KZ.

Министрдің айтуынша, кәсіпкерлер маркетплейсті таңдаған кезде ең алдымен баға мен сапаның арақатынасын, сондай-ақ тауарды жеткізу мерзімін ескереді.

«Бұл жағдайға қатысты мынаны түсіну маңызды. Кәсіпкер қандай да бір сауда алаңын таңдағанда, әрине, баға мен сапаның арақатынасын және жеткізу жылдамдығын негізге алады», – дейді Арман Шаққалиев Үкіметтегі брифингте.

Сонымен қатар министр отандық маркетплейстерді белсенді пайдалануға шақырды.

«Қазақстанның сауда министрі ретінде әрдайым отандық маркетплейстерді барынша пайдалану қажет екенін айтамын. Бүгінде оған барлық жағдай жасалған», – дейді ол.

Ведомство басшысының сөзінше, қалыптасқан жағдай сауда саласында жеткізілімнің кепілдігі мен сауда алаңына деген сенімнің маңызды екенін көрсетті.

«Бүгінгі жағдай саудадағы ең маңызды факторлардың бірі – кепілдік пен сенім екенін көрсетті. Қазіргі сауда бағыттарын, тауар жеткізуде туындауы мүмкін тәуекелдерді, сондай-ақ сақтау мен логистика мәселелерін ескере отырып, ең тиімді бағыт пен сенімді маркетплейсті таңдау қажет», – дейді Шаққалиев.

Министр кәсіпкерлер сауда алаңын таңдаған кезде қызмет құнын, жеткізу және сақтау шарттарын, сондай-ақ логистикалық бағыттардың тұрақтылығын ескеруі керектігін айтты.