Момышұлы Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова Наурызды атап өтудің мән-мағынасын былай түсіндірді.
фото: alashainasy.kz
Наурыз көже - көшпенді халықтың аузы аққа тигенін көрсететін мерекенің символикасы, молшылықтың, жаңғырудың нышаны іспеттес.
Самарқанның көк тасы жібіген Ұлыстың ұлы күнінде қазақтың дәстүрі мен салты жаңғырып, табиғатқа жан бітетіні ақиқат. Ежелгінің салтында жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында көшпенді халық қыстан аман шыққаны үшін азды-көпті сақтағанын асып, наурыз көже беріп жатады.
Наурыз көже - көшпенді халықтың аузы аққа тигенін көрсететін мерекенің символикасы, молшылықтың, жаңғырудың нышаны іспеттес. Ертерек атам қазақ қыста наурыз көжеге арнайы етін сүрлеп, құрт, майын сақтаған. Ал бүгінгі күні мерекелік көже қалай дайындалады? Ас-ауқаттың небір түрі көп қазіргі кезде наурыз көженің қоспалары қалай түрленді?
Бұрын наурыз көжені әсіресе ауылдағы әрбір отбасы дайындайтын болса, қазір қалалықтардың басым бөлігі дайын жасалғанын сатып алады, тапсырыс беріп алдыртады. Алайда, жылда дәстүрден аттап баспай, наурыз көже дайындайтын аналарымыз, қыз-келіншектеріміз баршылық. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі де елімізге танымал тұлғалардан наурыз көже жасау әдістерін сұрастырып, олардың арасындағы ерекше рецептілерді оқырманмен бөлісуді құп көрген еді.
Момышұлы Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова Наурызды атап өтудің мән-мағынасын былай түсіндірді.
«Қазақ сияқты көшпенді жұрттың Наурыз мерекесін қастерлеп-қасиеттеп атап өтуінде үлкен мән жатыр. Тіршілік-тынысы мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, қыс бойы тар қыстауда қысылып, сайдың сағасын, таудың ығын паналап, малын жұттан, жыртқыш аңнан аман-сау алып шығудың өзі қаншама күш-қайратты, төзімділікті қажет етеді десеңізші. Елдің ардақтап, асыға күтетін жыл мерекесі, шаруа тойы, табиғат мейрамы осы Наурыз болғандықтан, бұл күнге әр отбасы қыстан бастап дайындық жасаған. Қысқы соғымның қадірлі мүшелерінен (шеке, жамбас, жілік, қазы) әдейі арнап сүр сақтайды. «Наурызда ашамын» деп әжелер қарындағы майын, жент, құрт, ірімшік секілді тағамдарын алдын ала үнемдеп, қамданып жүреді», - деді Зейнеп апай.
Зейнеп анамыз ұлыстың ұлттық тағамы наурыз көжені дайындау туралы жастар да біле жүруі тиіс дегенді айтады.
«Мерекеде әрбір үй кезекпен наурыз көже жасайды. Бұған су мен тұздан басқа (қазақта тоғыз саны да қасиетті) жеті түрлі дәм салынады әрі «тек мына дәм салынуы керек» деп шектеу қоймаған. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды. Тек міндетті түрде, дәм саны жетеу болған. Сөйтіп, Наурыз мерекесінде қазандар көжеге толады. Ауыл ақсақалдары бастаған кісілер көже салған үйлерге кезегімен кіріп, қонақ болады. Әдетте әйелдер мен балалар ыдыс ала жүреді. Өйткені үйдегі келмей қалғандардың сыбағасын беріп жіберіп отыратын болған. Осылайша әр үйден құйып әкелген көжені өз үйінің қазанында қалған көжеге қосқан. Бұл дәм-тұзымыз араласып, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын, көже секілді мидай араласып, көжедей дәмді қатынаста болайық, біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын деген үлкен ұғымды білдіреді», - деді З.Ахметова.
Ал актриса, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының әртісі Күнсұлу Шаяхметова наурыз көжеге қосатын айранды қолдан ұйытатынын айтты.
«Қазақтың қасиетті 7 саны бар емес пе? Наурызда да соны ұстанатындар бар. Бірақ мен «үйірімен үш тоғыз» деп айтамын. Тек сол жетіге байланып қалмаймын. Арнайы елден сүр ет алдырамын. Біздің жақтың сүр етінің дәмі мүлде бөлек. Мен өзім Мағжанның туған жеріненмін. Есілдің ерке қызымын. Біздің жақтың сүрі ақ қайыңның қабығының түтініне қақталады. Иісін күні бұрын бұрқыратып пісіремін. Су, тұз, қаймақ, тары, аздап кеспе қосамын. Ал, көжеге дәм беретін айранды өзім қолдан ұйытамын», - деді Күнсұлу Шаяхметова.
Оның айтуынша, Наурыз көженің басты дәмі - адамның ниеті.
«Ең басты дәм - адамның ниеті дер едім. Ең бастысы адамның жүрегінің ақтығы. Кейбіреулер наурыз көже дегеніміз қалған құтқан азық-түліктен пісірген деген алып қашпа әңгімелер шығарып жүр. Бұрын қазақтар өзінің кебежесіндегі соңғы қалған дүниесін, барын салып отырып пісіріп, келген қонағының алдына тартқан», - деді Күнсұлу Тұрғыбекқызы.
Сондай-ақ белгілі әнші Қарақат Әбілдина наурыз көжені анасынан көрген рецепт бойынша дайындайтынын айтты.
«Наурыз көженің дәмін келтіретін қазақтың сүр қазысы, бабымен сүрленген жылқының еті. Егер ет бабымен дайындалса, онда жарты іс бітті деген сөз. Сосын оған таза ауылдан келген құрт пен айран, дәнді-дақылдардан арпа, күріш қосылады. Көжеге жүгері, мейіз қоспаймын. Көженің түсі қызыл-сары емес, түсі ақ болуы керек. Қазақ көктем шыққанда «аузымыз аққа тиді» деп бекер айтпайды. Адам жыл басында наурыз көжені тойып, қанып ішсе жыл бойы молшылық болады деген ырым бар. Наурыз көжесіз Наурыз тұл деп айтар едім», - деді Қарақат Әбілдина.
Наурыз көжені көненің көзін көргендер ғана емес, жас әншілер де жасайды.
Олардың қатарында Зарина Омарова да бар.
«Жылда болмаса да шамам келгенше наурыз көже дайындаймын. Жанымда ақылшым - енем бар. Басында сол кісінің көмегімен дайындасам, қазір өзім де әзірлей аламын. Наурыз көжеге сүрленген ет, дәнді-дақылдар, қатық, айран, құрт, салма саламын. Дақылдарды күні бұрын қайнатып бабына келтіремін. Олай болмаған жағдайда бидай мен арпа жарылмай қалады. Біздің дастарханымыз Ұлыс күні келетін қонақтарға үнемі ашық», - деді Зарина Омарова.
фотолар: www.inform.kz