Олар оқушыларға компьютер әперместен бұрын ауылдағы интернетті реттеу керек дейді.
ERNUR.KZ. Алматы облысында ыстық тамақтың ақшасына талас тоқтамай тұр. Ата-аналар Ақсу аудандық білім бөлімі мен әкімдіктің шешіміне түбегейлі қарсылық білдіріп, шу шығарды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Аудан әкімдігі көпбалалы және әлеуметтік тұрмыс жағдайы нашар отбасындағы оқушылардың онлайн оқу жағдайын ыстық тамақтың ақшасы арқылы шешпек болған екен. Әр оқушы үшін бөлінген ыстық тамақтың ақшасына атқамінерлер компьютерлер сатып алмақшы. Ата-аналардың айтуынша, карантин аяқталып, балалар дәстүрлі білім алуын бастағанда, яғни мектепке барған кезде әлгі компьютерлерді әкімдік кері жинап алмақ екен.
«Бізге компьютер керек емес, өйткені ауылдарға интернет толық тартылмаған. Оның үстіне, бір компьютер балаларымның бәріне жетпейді. Телефон алып берсе немесе оның ақшасын берсе, бұрынғыдай оқи береміз. Міне, оқудың басталуына да аз уақыт қалды, біз әлі не істерімізді білмей жүрміз. Бізге киім-кешек береміз деп алдап қояды. Былтыр берген сумкалары арзан, Қытайдың сапасыз дүниелерін таратты. Біз олардан артық ештеңе талап етіп отырған жоқпыз, әр оқушыға өзіне тиесілі дүниелерін беруді сұрап келеміз», - дейді үш баланың анасы Дана Мұханова.
Ата-аналар оқушылардың ыстық тамағына деп бөлінген ақшаға басшылардың компьютер аламыз деуі дұрыс емес деп санайды. Өйткені, ол техника кейін мектептің немесе әкімдіктің балансына өтеді. Наразы тұрғындар тіптен құзырлы органдарға да шағымданғанымен, олар мәселені шеше алмаған көрінеді.
«Біз қарсы екенімізді айтып, ата-аналар жиналып білім бөліміне, прокуратураға да бардық. Зар жылап тұрып айттық, ыстық тамақтың ақшасына барлық балаға компьютер ала алмайсыңдар, жетпейді, одан да әр оқушының өзіне тиесілі ақшасына смартфон беріңдер дейміз. Бірақ білім бөліміндегілер олай істей алмаймыз, бұл жоғарыдан келген бұйрық деп, көнбеді», - дейді І.Жансүгіров ауылының тұрғыны Жадыра Жолдыбаева.
Ақсу ауданы облыс орталығынан 150 шақырым қашықта орналасқан. Мұнда барлығы 41 мектеп бар. Оның ішінде жалпыға бірдей міндетті оқу қоры қаражатынан 2020 жылы 28 мектептің асханасына жергілікті бюджеттен 43 миллион 951 мың теңге бөлініпті. Бұл ақшаға 1045 оқушы ыстық тамақ ішуі тиіс болған.
«Ноутбук пен компьютерді барлық балаға сатып әпере алмайды, есесіне смартфонға ақша жетіп тұр. Оның үстіне, балалардың көбі, олардың ата-аналары да компьютердің тілін әлі білмейді, ауылдарда интернет те нашар. Бұлар кейін компьютерлерін кері жинап алып, мектептің проблемасын біздің есебімізден шешкелі отыр», - дейді ашынған ата-аналар.
Олар балалардың ыстық тамағына деп бөлінген ақша ата-анаға қайтарылуы керек деп есептейді.
«Балалар онлайн оқитын болғандықтан олардың ыстық тамағына бөлінген ақша өздеріне берілуі керек. Көктемнен бастап балалар мектепке бармады, ал сол үш айдағы ыстық тамақтың ақшасы қайда? Кейін мектептің пайдасына өтетін компьютер емес, оқушылардың өздеріне түбегейлі қалатын техника болса бір жөн. Бірақ, олар мәселені басқа жағынан қарастырып жатыр. Бүгін мені мектептің директоры Рахат Нығымбетқызы шақырып алып, балама планшет сыйлады. Мұң-мұқтажымды естігені үшін ол кісіге мың рахмет. Бірақ өзге балалардың проблемасы шешілсе екен», - дейді көпбалалы Меруерт Орынбаева.
Әр оқу жылында бала мектептен 143 күн ыстық тамақ ішуі тиіс. Көпбалалы немесе тұрмысы төмен деп танылған отбасынан шыққан балаларға күн сайын мектептен 450 теңгеге есептелген тамақ беріледі екен. Жалпы алғанда, әр бала бір оқу жылында 64 мың 354 теңгеге тамақтануы тиіс. Ақсу ауданының әкімдігі ыстық тамақтан үнемделген ақша ата-аналарға берілмейтінін кесіп айтты. Смартфон да сатып алынбайды.
«Қазақстан Республикасы аумағында наурыз айынан бастап төтенше жағдайдың болуына байланысты оқушылар қашықтан оқытылды және 2020-2021 жаңа оқу жылының қыркүйек қазан айларында оқушыларды қашықтықтан оқыту ұйымдастырылып отыр. Сол себепті, ыстық тамақтан үнемделген 12 млн 306 мың теңге қаражатқа көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан 478 баланың сабақ оқуына қажетті компьютер алып беру ұйымдастырылады», - деді Алматы облысы Ақсу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Мағжан Шындәулет.