Егер температура 4°C-қа дейін көтерілсе, жағдай күрт нашарлайды.
Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Лондондағы Корольдік колледждің ғалымдары Жердің орташа температурасы өнеркәсіпке дейінгі кезеңмен салыстырғанда 2°C-қа көтерілсе, миллиондаған адам өмір сүру мүмкін емес аймақтар пайда болады, деп жазады stan.kz.
Қазір Жер бетіндегі орташа температура бұрынғыдан 1,5°C-қа көтеріліп үлгерген. Бірақ Париж келісімінде көрсетілген шектеулі 2°C-тық жылынудың өзі құрлықтың үштен бір бөлігін қалыпты өмір сүруге тым ыстық етіп жіберуі мүмкін. Әсіресе 60 жастан асқан адамдар үшін жағдай қиын. Себебі олар тұратын қауіпті аумақтардың көлемі 21%-дан 35%-ға дейін ұлғаяды.
Егер температура 4°C-қа дейін көтерілсе, жағдай күрт нашарлайды. Онда Жер бетінің шамамен 40%-ы адам ағзасына өте қауіпті аптап ыстық аймаққа айналады. Бұл адам денесі тіпті көлеңкеде, жел соғып тұрса да салқындай алмайтын деңгейдегі аптап ыстық. Мұндай жерде кондиционерсіз ұзақ болу дененің қызып кетуіне, тіпті күн өту арқылы өлімге әкелуі мүмкін.
Ең үлкен қауіп аптап ыстықпен күресіп отырған өңірлерге қазіргі кезде де төніп тұр. Олар:
– Персия шығанағы мен Араб түбегі;
– Индо-Ганг ойпаты (Үндістан мен Бангладеш аймағы);
– АҚШ-тың оңтүстік штаттары мен Мексика.
Бұл аймақтарда қазіргі таңда да ауа температурасы кейде адам ағзасының физиологиялық төзімділік шегінен асып кетеді. Тіпті жас әрі дені сау адамдар үшін де қауіпті. Егер жаһандық жылыну жалғаса берсе, көлеңкеде отырып, су ішіп, жел соғып тұрса да адам өміріне қауіпті болады.
Ғалымдар ең ауыр салдарды болдырмаудың жалғыз жолы – көмірқышқыл газының ауаға бөлінуін шұғыл азайту екенін ескертті. Жаңартылатын энергия көздеріне көшіп, көмірқышқыл газын сіңіре алатын табиғи экожүйелерді сақтау қажет. Сонымен қатар, климаттың өзгеруіне бейімделіп, адамдарды аптап ыстықтан қорғай алатын инфрақұрылым салу аса маңызды.