Жайық өзенінде аралдар пайда бола бастады

0
958

Еліміздегі Жайық өзеніне қауіп төніп тұр.


Жайық өзенінде аралдар пайда бола бастады

ERNUR.KZ. Мемлекеттік маңызға ие трансшекаралық өзеннің бүгінгі жағдайы аянышты күйде. Мәселе, күннен-күнге ушығып барады. Тіпті, су айдынында аралдар пайда болған. Мамандардың айтуынша, 2006 жылдан бері басталған құрғау процесі 2023 жылға дейін жалғасуы мүмкін, деп жазады qazaqstan.tv.

Жайық таяз тартқалы, жұрттың көңілі алаң. Өзеннің күн санап құрғауы жекелеген шаруашылықтарды да әбігерге салып тұр. Ондаған жылға созылған қуаңшылықтың кесірінен, жағасындағы орман алқаптарынан да шырай кеткен. 600 гектардан астам жердегі ағаштың бәрі қурап біткен. Өзеннің кей жерін тіпті кешіп өтуге болады. Таяз су балықтың көбеюіне де кедергі.

"Жайық өзенінің жоғарғы ағысында кейбір орталарында аралардар пайда болып жатыр. Оның бәрі балық қорына әрине кері ісер етеді. Өрістеу орындары азаяды. Құнды балықтардың кейбір түрлері жойылуы мүмкін", - деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы, ихтиолог Мәншүк Телешова.

Жайықтың жалпы ұзындығы 2400 шақырымнан астам. 1049 шақырымы елімізге тиесілі. 2006 жылдан бері өзен жарытып тасымады. Өткен жылы бар болғаны 3 жарым млрд текше метр су келген. Бұл қалыпты деңгейден 2 есе аз. Оған басты себеп – жауын-шашынның аздығы. Жауаптылар күрмеулі проблеманы шешу үшін Ресей мамандарымен бірігіп, арнайы бағдарлама жасамақ.

"Әзір бірінші ұсынысымыз, Ресей тарапы да қолдап отырғаны, бұл Жайық өзенінің аналитикалық есебін жинақтау. Сол бойынша болашақта қандай іс-шаралар жасалады содан кейін барып анықталады", - дедіРеспубликалық "Жайық-Каспий" бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин.

Жайық бастан-аяқ ғылыми тұрғыда зерттеледі. Арнайы жол картасы да әзірленеді. Мамандар, әзірге тек ұсыныс қана беруде. Су қоймасын салу – тығырықтан шығатын жол емес деп отыр. Оның орнына үрмелі платиналар орнату керек дегенді айтады. Бұл - Жайыққа құятын өзендердің суын бір арнаға тоғыстырып, реттеп отырады.