Жалған құжатпен істі жабуға тырысқан: ҚТЖ қызметкерлерінің қылмысы әшкереленді

0
2 551

Пойыздардың жүйелі түрде ұзақ уақытқа кешігуіне байланысты қазақстандықтардың шағымынан кейін көлік прокуратурасы өңірлерде тексеру жүргізді.


Жалған құжатпен істі жабуға тырысқан: ҚТЖ қызметкерлерінің қылмысы әшкереленді

ERNUR.KZ. Қазақстанның бас көлік прокуратурасы теміржол көлігіндегі қауіпсіздік ережелерінің бұзылғанын анықтады, деп жазады sputnik.kz.

Бірқатар өңірде пойыздардың жүйелі түрде ұзақ уақытқа кешігуіне байланысты қазақстандықтардың шағымдануынан кейін прокуратура тұрақты тексеріске кірісті.

Бір ғана Жамбыл облысындағы теміржол көлігі саласында прокурорлар магистральді жолдан 600 ауытқу фактісін, рельстері жарамсыз 300 учаскені анықтады. Бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұловтың айтуынша, "Қазақстан темір жолы" аталған жағдайлар бойынша дер кезінде тиісті шара қолданбаған.

Көлік прокуратурасы анықтағандай, жолдардың нашар күйде болуына байланысты магистральдарда пойыз жылдамдығына шектеулер енгізіліп, бұл жолаушылар пойызының 300-ден астам рет кешігуіне алып келген.

"Прокуратураның бақылау актісі бойынша Шу және Сарышаған магистральді желісінің Жамбыл облысындағы бөлім басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Магистральдік инфрақұрылым операторы заң бұзу фактілерін жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі", – деді Ернат Сыбанқұлов.

Ол "ҚТЖ" филиалдарындағы кейбір лауазымды тұлғалар азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей ықпал ететін теміржолдағы жағдайларды жасырып қалуын әлі доғармай жатқанын айтты.

2020 жылдың 3 желтоқсанында Шалқар станциясында "Маңғышлақ – Алматы" бағыты бойынша жолаушылар пойызы қозғалғаннан кейін вагонның пойыздан өздігінен ажырауына байланысты машинист пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болған.

"Ереже бойынша бұл факті жайлы құзырлы органға хабарлап, кінәлі азаматтар жауапқа тартылуы керек. Алайда осы жағдайды жасыру мақсатында "ҚТЖ-ЖТ" ЖШС – "ЖТ Ақтөбе бөлімшесі" филиалының лауамызды тұлғалары соңғы вагон кранының тұтқасы өздігінен ашылғаны туралы жалған акт жасаған", – деді Сыбанқұлов.

Қандыағаш көлік прокурорының араласуынан кейін ғана құзырлы орган заңды тұлғаға қатысты екі әкімшілік материал әзірлеген.

"Сондай-ақ 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында басшының бірінші орынбасары, вагон депосы мен станция басшылары бар. Екі жұмысшы жалақысы төмен қызметке ауыстырылды. Вагон депосы басшысының орынбасарымен еңбек келісімшартын бұзу туралы шешім қабылданды", – деді прокурор.

Айта кетейік, наурыз айының басында Павлодарда "ҚТЖ" ҰК" АҚ филиалының басшысы ұсталды. Ол жұмыс барысында көрсеткен "қамқорлығы" үшін қоластындағылардан жүйелі түрде сыйақы алып отырған деген күдікке ілінді.