Жамбыл облысында 6 елдімекенді су басу қаупі бар

0
940

Болуы мүмкін төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.


Жамбыл облысында 6 елдімекенді су басу қаупі бар

ERNUR.KZ. Биыл Жамбыл облысының аумағында өткен жылдарға қарағанда қар қалың түсті. Жамандық шақырғанымыз емес, егер күн күрт жылынып кетсе бірқатар елді мекендерді еріген қар суы басып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан қазірден алдын алу жұмыстарын жүргізудің маңызы зор, деп жазады inbusiness.kz.

"Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметінше, Жамбыл облысының аумағында топырақ қатуының ең жоғары тереңдігі Шу және Мойынқұм аудандарында байқалады. Облыстың қалған бөлігінде топырақтың қату тереңдігі 30 сантиметрден төмен. Ал қар қорының ең жоғарғы деңгейі Қордай ауданында байқалады – 25 сантиметр. Жуалы ауданында 18 сантиметрді құрайды. Облыстың көп бөлігінде қардың қалыңдығы 10 сантиметрден төмен.

Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбековтің айтуынша, елді мекендер мен шаруашылық объектілерін су басу қаупі Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейінің көтерілуінен, тау бөктеріндегі еріген және жаңбыр суларынан орын алуы ықтимал.

"Атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде су басуы мүмкін 42 елді мекеннің 34-інен қауіп алынды, 2 елді мекеннің қаупі төмендетілді. Су басуға бейім 6 елді мекен қалды. Бұл елді мекендерде су басу қаупі "2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені" жол картасы аясында төмендетіледі деп жоспарлануда.
Аталған жол картасына жалпы 3 миллиард 400 миллион теңге бөлініп, Талас өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 25,02 шақырымның 23,7 шақырымы, яғни 95 пайызы атқарылды. Жұмысты толық аяқтау ағымдағы жылдың 1 тоқсанына жоспарланып отыр.

"2023 жылдың қараша мен желтоқсан айларында су тасқынының алдын алу және жою мақсатында Тараз қаласы мен аудан әкімшіліктеріне, уәкілетті мекемелерге каналдарды, дренаж каналдарын, арық желілерін, су өткізу құрылғыларын тазарту және күшейту жұмыстарын жүргізу бойынша ескертулер мен ұсыныс хаттар жолданды" - деген Руслан Нұрланұлы 2023 жылы су тасқынына қарсы іс-шараларға жергілікті бюджеттен 132 миллион теңге қаражат бөлініп, облыс аумағындағы каналдарды, дренаж каналдарды, арық желілерін және су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.

Сонымен қатар облыс аумағында су тасқынының алдын алу және жою мақсатында жауапты мекемелер тарапынан жұмыс тобы құрылып, зерделеу жұмыстары атқарылыпты. Зерделеу нәтижесінде су тасқынының алдын алу шаралары төмен деңгейде жүргізіліп жатқаны анықталған.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында көктем айларындағы төтенше жағдайларды жою үшін 5 390 адам, 781 техника, 112 су айдау құралы, 2 ескекті қайық, сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаментінде 309 су өткізбейтін комбинизон, 71 жоғары өтімді техника, 39 су айдау құралы (мотопомпа), 18 жүзу және 492 байланыс құралы тартылатын күштер мен құралдар топтамасы дайындалған. Тараз қаласының аэропортында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің "Казавиаспас" акционерлік қоғамының ЕС-145 "Еврокоптер" тікұшағы да кезекшілікте тұр.