Бұл – Орталық Азиядағы ең заманауи және қалдықсыз жұмыс істейтін бірегей жобалардың бірі.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Қордай ауданында цемент өндіретін ірі кәсіпорынның клинкер өндіру желісі өз жұмысын бастады, деп жазады baq.kz.
Бұл – Орталық Азиядағы ең заманауи және қалдықсыз жұмыс істейтін бірегей жобалардың бірі.
Өндіріс ошағын іске қосу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, "Korcem" зауытының басшылық құрамы мен қызметкерлері, құрылыс жұмыстарын жүргізген компания өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығын айрықша атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде бірқатар инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асып, ірі өндіріс ошақтары бой көтеруде.
Қордай ауданында құрылысы аяқталған "Korcem" цемент зауыты соның нақты бір дәлелі. Ауқымды жобаның клинкер шикізатын өндіру желісі іске қосылды.
Бұл цемент зауыты өңір экономикасын өркендетуге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосады. Жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етеді, – деген аймақ басшысы өндірістің үздіксіз жұмыс істеуі үшін билік тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетілетінін хабарлады.
Айта кетейік, кәсіпорынның құрылысын сингапурлық "Alacem" компаниясы жүргізді. Жобаға 50 млрд.теңге инвестиция салынған. Өндіріс ошағының жылына 1,5 млн.тонна цемент әзірлеуге қауқары бар. Бүгінде 400-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылып отыр. Алдағы уақытта жұмыс күші екі есеге дейін артады деп күтілуде.
"Korcem" цемент зауыты келер жылы толық қуатына шығады деп жоспарлануда.
Бүгін іске қосылған өндірістік желіде тәулігіне 3 500 тонна клинкер (құрамында 90% цемент бар шикізат) әзірленеді.
Бүгін зауыттың "жүрегін", яғни негізгі өндірістік бөлігін іске қосып отырмыз. Біз ішкі нарықты отандық өніммен қамти отырып, осы саланың бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға күш саламыз, – дейді жоба жетекшісі Станислав Щербаков.
"International Cement Group" ЖШС-нің басқарушы директоры Бенджамин Ченгтің айтуынша, аталған жобаға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетіліп келеді.
Біздің компания өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу үшін басқа да әлеуетті инвесторларды тартуды жоспарлап отыр. Жамбыл облысында өнімді экспорттау мүмкіндігі зор. Ең бастысы, инвесторларға барлық жағдай жасалғанын өз тәжірибемізден көрдік, – деді ол.
Айта кетейік, Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 3,4 трлн.теңгені құрайтын 80 жоба бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру қосымша 4,1 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы 214 млрд.теңгеге 1 453 жұмыс орнын құра отырып, 35 инвестициялық жобаны жүзе асыру жоспарланған. Бүгінде құны 146,7 млрд.теңгені құрайтын 20 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 674 азамат жұмыспен қамтылды.