Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары жалғасуда

0
345

Жамбыл облысында өткен экологиялық акция өрт қауіпсіздігін алдын алуды қамтамасыз ету болды.


Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары жалғасуда

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өткізілуде. Акцияға 700 мыңнан астам облыс тұрғындары қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жамбыл облысында өткен экологиялық акция өрт қауіпсіздігін алдын алуды қамтамасыз ету болды. Дала өрттерінің пайда болуының негізгі себебі – қураған шөптердің тұтануынан болады. Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан өрт қауіпсіздігінің алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылуда.

Ағымдағы жылы Жамбыл облысында дала өрттері тіркелмеген және мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша облыс жастары бастама көтеріп, арнайы тазалық жұмыстарын жүргізді. Тараз қаласының «Көктем» алқабында «Эко LIFE» тақырыбымен өткен эстафетаға 300-ден астам белсенді жастар қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Эстафета аясында қатысушылар қураған шөптерді орып, алқапты қоқыстардан тазартты. 2022-2023 жылғы халықаралық үздік волонтер А. Нәмелбек эстафетаны Жамбыл ауданының жастарына жолдады.

Аталған акция барысында барлық ауданның жастары белгіленген орындарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, эстафетаны келесі ауданға береді. Осылайша эстафета түріндегі экологиялық акция апта сайын әр ауданда өтетін болады.

Жыл сайын шығарылатын пластмассадан жасалған өнімдердің көп мөлшері бір рет қолдануға арналған. Пластиктің екі жүз жылға жуық уақытта ыдырайтындығы белгілі. Пластмассалар жерге түскенде ұсақ бөлшектерге ажырап, өзінен қоршаған ортаға химиялық заттарды бөле бастайды. Жерасты сулары арқылы пластиктің ұсақ түйіршіктері және оның химиялық заттары ең жақын су көздеріне түседі, бұл адамзат үшін өте қауіпті құбылыс. Бұдан бөлек, пластик қалдықтардың қаланың кәріз жүйесін толтырып, су басу қаупін тудыратыны белгілі.

Осы мәселеге жол бермеу мақсатында қала тұрғындары, коммуналдық мекемелер мен жастар бірігіп, «Тараз – таза қала» акциясын өткізді. Қатысушылар Тараз қаласы Салтанат ықшамауданында орналасқан «Жасыл желек» алқабында тазалық жұмыстарын жүргізді. Экологиялық акцияға 100-ге жуық адам қатысып, пластик қалдықтар мен қоқыстарды жинап, 300 қап күл-қоқысты арнайы орынға апарып төкті.

- Президенттің бастамасы халық арасында үлкен қолдауға ие болды. Акция біздің қоғамда жастарды, өскелең ұрпақты табиғатты аялауға, қорғауға, тазалықты сақтауға шақыратын үлкен бір идеологиялық жұмыс десе де болады. Бүгін біз экологиялық акцияға Тараз қаласының жастары ретінде қаламыздың таза болуына атсалысып, іс-шараға шығып жатырмыз, – дейді облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры А. Қадралиев.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары облыстың барлық аудандарында өткізілді. Атап айтқанда, су айдындарының жағалауларында, саябақтар мен скверлерде, жаздың ыстық күндерінде демалушылар көп жиналатын жерлерде жалғасты.

Белсенді азаматтар, еріктілер мен жастар Байзақ ауданының Сарыкемер ауылдық округінің автокөлік жолының бойында жаяу жүргіншілер жолдарына тазалау жұмыстарын жүргізсе, Жамбыл ауданы, Аса ауылында «Аса» өзенінің ауыл маңындағы жағалауын қоқыстан тазартты. Жуалы ауданында «Ардагерлерге қамқорлық» акциясында 17 еңбек ардагерінің, жалғызбасты қарттардың аулаларын тазалау жұмыстары жүргізіліп, «Батырбек Датқа» кесенесінің аумағында қоршауларды сырлау, жасыл желектерді суару жұмыстары жүргізілді. Талас ауданы, Қаратау қаласының тұрғындарының қатысуымен «Таза аула», «Үздік көше» акциялары кең көлемде ұйымдастырылды.

Жамбыл облысында акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 818 шақырым каналдар мен арық жүйесі, 127 мың аулалар мен 4,5 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 14 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылды. Бұл жұмыстарға жалпы 918 бірлік техника жұмылдырылды.