Жамбыл облысында жылына 150 мың тонна қант өндіретін зауыт салынады

0
1 119

Кәсіпорын «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында бой көтереді.


Жамбыл облысында жылына 150 мың тонна қант өндіретін зауыт салынады

ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Шу ауданында тәулігіне 8 мың тонна қызылша өндейтін қант зауытының құрылысы басталады, деп жазады ҚазАқпарат.

Кәсіпорын «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында бой көтереді. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің аталмыш экономикалық аймақта жоба жүргізуге ниетті кәсіпкерлермен кездесуінде айтылды. Басқосуда аймақ басшысы қант зауытының құрылысын уақыт созбай бастауды тапсырды. Өз кезегінде жоба иелері зауыттың іргетасын қалауға осы жылдың қазан айынан кірісетіндеріне сендірді.

Қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыру бойынша «Қызылша» ЖШС компаниясы тиісті жұмыстар жүргізуде. Зауыт тәулігіне 8 мың тонна қызылшаны өңдеп, жылына 150 мың тонна қант өндіруге қуатты болмақ. Жоба құны 200 миллион евро болатын кәсіпорын 2022 жылы толығымен іске қосылады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарына 300-ге жуық адам тартылмақ.

Жобаның мақсаты – тұрақты шикізат базасын құру және қант өндірісінде озық технологияларды қолдану арқылы ел үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бірі – қанттың тұрақты және сапалы өндірісін қамтамасыз ету.

Зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін өңірде 30 мың гектар жерді игеріп, айналымға енгізу жоспарланған. Қазіргі уақытта қант қызылшасын жеке және бірлесіп өсіру мақсатында жергілікті фермерлермен ынтымақтастық бойынша белсенді шаралар атқарылуда.